Батыс Қазақстанда Шалқар көлін туристік бағытта дамыту көзделіп отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Шалқар көлін туристік бағытта дамыту көзделіп отыр. Бұл туралы Шалқар көлі жағасында «Батыс Қазақстан облысында туризмді дамытудың тұжырымдамасы» және «EXPO - 2017» көрмесін өткізуге байланысты облыстағы дайындық шаралары» деген тақырыпта өткен кеңесте айтылды.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Батыс Қазақстанда туристік нысандар баршылық. Соның ішінде Шалқар көлі ерекше орын алады. Көл суы мен оның жағалауындағы өскіндердің адам денсаулығына пайдасы зор екендігін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Көл жағалауының әлеуетін туризм мақсатында тиімді пайдалану мәселесі біраз уақыттан бері айтылып келеді. Бұл жолғы жиында Шалқар көліне қатысты жобалар пысықталды. Суға шомылатын жағалауда демалушыларға қолайлы жағдай туғызу мәселесі таяу арада қолға алынуы тиіс. Бұл жөнінде «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырма берілді. Көл іргесіндегі Сарыөмір ауылына дейінгі жолды аяқтап, келесі жылы Самара-Шымкент тас жолынан Аңқаты ауылына дейінгі аралықтағы жолды жөндеу міндеті тұр. Сарыөмір ауылында ауыз су мен көгілдір отын бар, инфрақұрылымдар жұмыс істеп тұр, ғаламтор желісі де іске қосылған. Ендеше, қысы-жазы пайдаланылатын ғимарат салып, бизнесін өркендетем деушілерге мүмкіндік мол

Облыста туризмді дамытуда төрт бағыт бойынша тұжырымдама жасалып, ол кезең-кезеңге бөлінген. 2014-2020 жылдар аралығындағы аймақтық кезеңде Орал қаласы маңында «Жайық қалашығы» атты ашық аспан астындағы музей жасақтау және Шалқар көлінің жағалауын мейлінше абаттандыру көзделген. Облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімовтің айтуынша, бұл ретте Шалқар көлінің жағажайында демалушыларға қолайлы жағдай жасау алдыңғы кезекке қойылып отыр. Шалқар мұражайы ашылмақ. Туристік-сауықтыру кешені мен машина жасаушы мамандығына оқытатын орталық құрылысын салу да жоспарда бар.

Тұжырымдамамен танысқан сала мамандары көл жағалауының тазалығынан бастап, туристік-сауықтыру кешенін салуға дейінгі біраз мәселелерді қаузап, өзара пікір алысты. Пікір алмасуда Нина Пустобаева мен Виктор Фомин сықылды өңірдегі туризм саласының мамандары балалар туризмі және экология мәселелеріне қатысты құнды пікірлерімен жиналғандардың назарын аудартты. Ең бастысы, туристік-сауықтыру кешенінде балалар демалысына да жағдай туғызу қажет.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-иннновациялық дамыту басқармасының басшысы Аслан Жақыповтың сөзіне қарағанда, 100 орындық қонақүйі бар кешен құрылысын салу үшін 3 миллиард теңгеден астам қаржы қажет. Мұндай қаражат облыс бюджеті үшін тым қомақты. Сондықтан инвесторлар тарту көзделуде. Ал Шалқардың тынысын ашуға «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ниет танытып отыр. Жиында аталмыш корпорация төрағасы Ержан Балтаев аталмыш жобаға 10 миллион теңге қаражат бөлінетіндігін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар