Батыс Қазақстанда Рождество мейрамы тойлануда - ФОТО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Рождество мейрамы тойлануда.

Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний батысқазақстандық тұрғындарды арнайы құттықтады. «Мен шетелде аз болған жоқпын. Батыстың рухани жағынан азып-тозып, адами құндылықтардың кеміп бара жатқанын көзіммен көрдім. Сондықтан біз қазақ жерінде тату-тәтті тұрып жатқанымызға шүкірлік етуіміз керек. Мұнда христиандар да, мұсылмандар да өз діндерін таза ұстауды мақсат етуде. Мұның бәрі - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың айтып жүргеніндей, Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген тыныштық пен қоғамдық келісімнің арқасы. Барлық қазақстандық осы бейбітшілікті сақтай білуі керек. Құдай ұлтына қарай жаратқан жоқ. Біз бәріміз бауырмыз, соны әрдайым есте ұстайық», деді ол.

Рождество мейрамы Орал қаласында бірнеше шіркеуде аталып өтіледі. Содан кейін 8 және 9 қаңтар күндері А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында балалар үшін рождество ертеңгіліктері ұйымдастырылмақ. Оған екі мыңдай бүлдіршін қатысып, жексенбілік мектептердің күшімен концерт қойылмақ.

Мереке аудандарда да тойлануда. Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылындағы православ шіркеуінің приходына құлшылық етуге жиналған қауымды аудан әкімі Нариман Төреғалиев адамзаттық құндылықтарды қамтитын осы мейраммен риясыз көңілмен құттықтады. Рождество - Құдайдың адам баласына деген ізгілігінің көрінісі, бейбітшіліктің, сүйіспеншілік пен келісімнің күні. Сондықтан оны, әрине, христиандар ғана емес, басқалар да өте жақсы біліп, қошеметтейді. Бұл күні Құдай алдындағы жауапкершілік жаңғырады, халық өздерінен көмек қажеттерге қамқорлық жасайды. Аудан басшысы жиналғандар алдында осы жайында айта келіп, Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында Отанымыздағы бейбітшілігіміз бен бірлікке барлық ұлт өкілінің үлес қосып отырғанын баяндады. Әкім биылғы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, сондай-ақ еліміздегі ҚХА мен Конституциямыздың 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы тамыры тереңдегі тарихымызды одан әрі байытып, бірлігімізді бекемдей түсетінін атап өтті. Біздің қоғамда бейбітшілік пен өзара түсіністікті Құдайға қараған іс ретінде тану өте айқын көрінеді. Орал епархиясынан келген протоиерей Александр бұл ерекше күннің осындай қадір-қасиеті туралы айта келіп, игі лебізі мен тілегі үшін Нариман Төреғалиұлына, барлық ақжайықтыққа ризашылығын білдірді. Ол приходқа жиналғандарға адам баласының бір-біріне бауырмалдығы, керек кезінде қолұшын созуы өмірді гүлдендіре түсетінін қаперге салып, баршаны қайырымды істерге шақырды.

Айта кетейік, биыл Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний әкей үшін той жылы болмақ. Оның 75 жасқа толуына орай Оралға қазақстандық 10 архиепископ келіп, қасиетті синод өтпекші.

Соңғы жаңалықтар