Батыс Қазақстанда республикалық бюджеттен келген мақсатты қаржы өткен жылғыдан 1,4 млрд. теңгеге көбейді

None
None
ОРАЛ. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қарашаның 23-інде Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс 15-сессиясы болып, онда облыс бюджетіне өзгерістер енгізілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Серік Шәпкеновтің мәлім еткеніндей, республикалық бюджеттен алынатын мақсатты трансферттердің түсім бөлігі бойынша облыс бюджеті 473,5 млн. теңгеге нақтыланды.

Жалпы, қосымша 997,5 млн. теңге бөлінсе, соның 218,7 миллионы - білім беру, 500 миллионы - денсаулық сақтау нысандарын ретке келтіруге, 40 миллионы - инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, 175,2 миллионы - Орал қаласындағы кәріздік жүйені жаңартуға, 58,9 миллионы - кадрларды даярлауға, 4,7 млн. теңге тұқым шаруашылығын қолдауға жұмсалатын болады.

Аталған өзгерістерді қоса есептегенде облыс бюджетінің кірісі мен шығысы 76 млрд. 193,5 млн. теңгені құрады.

Республикалық бюджеттен түскен мақсатты трансферттер өткен жылғымен салыстырғанда 1,4 млрд. теңгеге көбейіп, 9 пайызға өсті.

Сессияда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өңірде қолға алынған жобалардың жоспарлы жүзеге асып жатқанын, таяуда бірнеше жаңа нысанның іске қосылатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар