Батыс Қазақстанда полиция қызметкері екі баланы құтқарып қалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері екі баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметкері, полиция майоры Дариға Мәжитованың айтуынша, оқиға 30 мамыр күні Бәйтерек ауданы Погодаев ауылында болды.

БҚО полиция департаменті кинология орталығының инспекторы, полиция кіші сержанты Ержан Қуанышев сол күні демалыс уақытын пайдаланып, ата-анасына барған.

«Тоған жанына автокөлікпен барған кезде 7-8 жасар бір топ баланың ойнап жүргенін көрген. Суға жақындамауын ескертіп, аз уақытқа машинасына кеткен. Қайта оралған кезде бір баланың батып бара жатқанын, екіншісінің суға тұншығып қалғанын көрген. Сол бойда суға секіріп, екеуін де құтқарып үлгерген. Есінен танып қалған балаға алғашқы медициналық жәрдем көрсеткен», - деді Д.Мәжитова.

Бұл оқиға туралы полиция қызметкерлері 1 мамыр күні кездейсоқ білген. Әңгіме арасында Е.Қуанышев байқамай айтып қалған.

«Балалар жүзу білмейді екен әрі айқайлап көмекке шақырған да жоқ. Тоған жақтан еш дыбыс болған жоқ. Мен оларды құтқарып қалғанымды кейін сезіндім. Мұны ерлік деп есептемеймін», - деді Е.Қуанышев.

Ауыл мектебінің директоры Е.Қуанышевқа алғысын білдіріп, құрмет грамотасын табыс етті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 13 жасар баланың суға кетіп қала жаздағанын жазған болатынбыз.

Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылының тұрғыны Денис Липин 13 жасар баланы құтқарып қалған еді.

Бүгін Д.Липин мен Е.Қуанышев БҚО ТЖ департаментінің бастығы атынан алғысхатпен марапатталды.

Сондай-ақ ведомстволық наградамен марапаттау туралы шешім қабылдау және қарау үшін уәкілетті органға материалдар жіберілді.


Соңғы жаңалықтар