Батыс Қазақстанда пневмониямен 1 600 адам ауырды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында пневмониямен 1 600 адам ауырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың брифингіде мәлім етуінше, өңірде коронавирусқа шалдыққандар саны 4 837-ге жетті. Оның ішінде 3 655 адам жазылып шықса, 22-сі көз жұмды.

Сонымен қатар 1 600 адам пневмониямен сырқаттанса, олардың 260-сы провизорлық, 608-і жұқпалы аурулар стационарында, сондай-ақ 732-сі амбулаториялық ем алып жатыр.

Облыста 10 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Оған қоса ауыр халдегілер қатарына теңестірілген тағы 110 емделуші оттегі концентраторымен тыныс алуда.

«Қазіргі таңда коронавирустан емдеуге 29 медицина ұйымы (1 628 төсек-орын) жұмылдырылған. Жүктеменің артуына байланысты жедел жәрдем бригадаларының саны 63-ке жетті, бұл өткен жылғыдан 26 көлік көп. Жағдайы ауыр науқастар арасында өлім-жітімнің алдын алу мақсатында 60 жедел бригада жұмыс істеп, барлық ауданды қамтуда. Бірыңғай байланыс жүйесінде тәулік бойы үш ауысымда call-орталықта штаттан тыс мамандар амбулаторлық ем алу үшін қашықтан кеңес беруде. Барлығы 60 131 ПТР тест жасалса, мұның тәуліктегі саны 950-ге жетті», - деді Б.Қаюпов.

Мемлекеттік тапсырысты 5 зертхана орындауда. Соның төртеуі – мемлекеттік мекеме.

Облыста барлығы 130 жасанды тыныс алу аппараты болса, соның 78-і жұқпалы аурулар және провизорлық стационарда іске қосылған. «Орал Мед Регион» ЖШС айына мұндай аппараттың 10-ын шығара алады. Қазірдің өзінде серіктестік 8-ін жасап үлгерді. Өңірде сондай-ақ 217 оттегі концентраторы, 198 оттегі көзі, 8 компьютер томографы, 26 рентген-аппарат және 373 пульсоксиметр бар.

Күні бүгін өңірде алдыңғы шепте 1837 медицина қызметкері еңбек етіп жатса, соның 270-і – дәрігерлер, 944-і – орта, 406-сы – кіші буын қызметкерлері.

Б.Қаюповтың сөзіне қарағанда, жұқпалы аурулар және провизорлық стационарларда 286 медицина кадры жетіспесе, соның 27-сі – дәрігерлер. 115 орта, 144 кіші қызметкер де қажет. ЖОО-лар мен медицина колледждері түлектері есебінен 200 адамнан тұратын кадр резерві жасақталды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы дәрі-дәрмекпен қамтуда да тиісті шаралар қолға алынғанын атап өтті.

Брифингіге қатысқан Ресейден келген мамандар тобының жетекшісі, дәрігер-эпидемиолог Павел Гусев кез келген жастағы балалардың, тіпті жаңа туған нәрестенің коронавирус жұқтырып алуы мүмкін екендігін жеткізді. Коронавирус балаларда ауру белгісінсіз немесе ауыр түрде өтуі ықтимал. Бұл жерде дерт олардың жасына қарамайды. Жалпы, індетпен үлкен де, кіші де ауыратынын ескеру керек.

Дәрігердің сөзіне қарағанда, екі елде де коронавирустың таралуында, оны емдеуде ұқсас жақтары бар. Ресейде қазіргі таңда коронавируспен ауырғандар арасында иммунитеттің қалыптасу мәселесіне мониторинг жүргізілуде. Антидене бар, бірақ оның адамның ағзасында қанша уақытқа дейін болатыны әлі анықтала қойған жоқ.

«Қазіргі кезде Ресеймен қатар Қазақстанда емдеу алгоритміне вирусқа қарсы препарат – фавипиравир қосылды. Ол сауда жүйесінде авифавир деген атаумен белгілі. Бұл дәрі-дәрмек Эбола вирусын емдеуде тиімді екендігін көрсетті. Бір айтайын дегенім, Қазақстанда соңғы кезде індетке шалдыққандар саны көбейіп кетіп отыр. Сондықтан ара қашықтықты сақтап, бетперде киіп, басқа да санитарлық талаптарды бұлжытпай орындаған жөн деп айтқым келеді», деді П.Гусев.

Еске сала кетейік, Батыс Қазақстанда той өткізген тұрғындарға 1,5 млн теңге айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар