Батыс Қазақстанда Pfizer вакцинасын егу басталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Pfizer компаниясының Comirnaty вакцинасын егу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асхат Балықовтың мәлім еткеніндей, Орал қаласындағы емханаларда жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдерді егу жүргізіліп жатыр.

Қаладағы №6 емханада алғашқы болып «Мақсат» медициналық колледжінің 24 студенті, сондай-ақ тілек білдірген 6 жүкті және 6 бала емізетін әйел келді.

«Бүгін Pfizer вакцинасын алатындар үшін бірнеше кабинет ұйымдастырылды. Егілуге келген адамдарды әуелі дәрігер қарайды. Содан кейін вакцина алатын кабинетке барады. Егілгеннен кейін жарты сағат бойы дәрігердің бақылауында болады. Вакцинация міндетті түрде жасөспірімдердің ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісіміне сәйкес жүргізіледі. «Мақсат» медицина колледжінде оқитындар – біздің болашақ әріптестеріміз. Сондықтан олар екпе алудың маңызды екенін жақсы түсінеді. Бұл вакцинаның басқалардан ерекшелігі, оның құрамында вирус жоқ, өте қауіпсіз. Көптеген елдерде оны 3-5 жасар балаларға егуде. Біздің елімізде 12 жастан жоғары жеткіншектерге егу жоспарланған. Облыста алдымен 16-17 жасар жасөспірімдер егілуде», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Балықов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанға 29 250 доза Pfizer вакцинасы жеткізілгенін, өңірде балалар арасында тұмау жиілегенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар