Батыс Қазақстанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 еседен астамға өсіп, 1,8 трлн. теңгеден асты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері өнеркәсіп өнімінің көлемі екі еседен астамға өсіп, 2014 жылдың қорытындысы бойынша 1 трлн. 833,9 млрд. теңгеге жетті.

Өткен жылғы өнеркәсіп өнімінің көлемі 103,9 пайызды құрады. Бұл туралы 23 қаңтар күні аталмыш бағдарламаның жүзеге асырылу барысы талқыланған облыстық мәслихаттың ХХІІ сессиясында БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аслан Жақыпов мәлім етті.

Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 2008 жылғыдан болжанған 1,5 есенің орнына 1,9 есеге артып, өткен жылдың қорытындысы бойынша 137,7 млрд. теңгеге жетті. Соның ішінде өсім құрылыс индустриясында - 29,7, металл өнеркәсібінде - 18,5, машина жасауда - 9, мұнай өңдеуде 6,6 пайыз болды. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2014 жылдың қорытындысы бойынша 1,6 есеге көбейді. Облыс бойынша шикізаттық емес экспорт көлемі 1,7 есеге ұлғайып, 2014 жылы 445,8 млн. АҚШ долларды құрады. Машина жасау кәсіпорындары өткен жылы 19,8 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Машина мен жабдық жасаудың екі есеге өсуі нәтижесінде өнім көлемі 109 пайызды құрады.

Бағдарлама аясында жаңа өндірістер қолға алынуда. Мәселен, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС жылына 10 мың дана трансформатор шығаратын жобаны жүзеге асырды. «Орал «Зенит» зауыты» АҚ тез жүретін «Айбар» күзет катерінің жобасын жасады. Болашақта су ығыстырылымы 720 тоннадай болатын «Бұлан» және басқа кемелерді құрастыру ойластырылуда. «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ АҚШ-тың «LANC AIR» компаниясымен бірлесіп көмірсутегі материалынан отандық ұшақ жасап шығарды.

Индустрияландыру картасы аясында өңірде 303,3 млрд. теңгені құрайтын 38 жоба (2,1 мың жұмыс орны) жүзеге асырылуда. Соның ішінде 2010-2014 жылдары 258,3 млрд. теңгенің 34 жобасы (1,9 мың жұмыс орны) іске қосылса, биыл 44,6 млрд. теңгенің үш жобасы (138 жұмыс орны) мәреге жетпек. 2019 жылы «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ-да 300 млн. теңгеге (55 жұмыс орны) шағын катерлер өндірісі қолға алынбақ. Өткен жылғы он бір айдың ішінде Кедендік одақты қоспағанда, сыртқы сауда айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда, 16,3 пайызға көбейіп, 9,2 млрд. АҚШ долларына жетті. Соның ішінде экспорттық жеткізілімдер 8,8 млрд. долларды құрап, 16,7 пайызға өсті. Импорттық түсімдер 8,4 пайызға ұлғайып, 449 млн. долларды құрады.

Индустрияландыруды дамыту және инвестиция тарту мақсатында облыста индустриялық аймақ құру көзделуде. Бұл ретте түрік кәсіпкерлерімен келіссөз жүргізіліп, Орал қаласы аумағынан жер телімі белгіленді. Қазіргі уақытта «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға тендер жариялады.

Сессияға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев 2014 жылы барлық мемлекеттік бағдарламалардың толық орындалып, бюджеттің игерілуі 99,6 пайыз құрағанын, бұл бағыттағы жұмыстардың биыл да жалғасатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар