Батыс Қазақстанда Новопавловка ауылы Құмақсай деп қайта аталды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Теректі ауданының Новопавловка ауылына Құмақсай атауы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновтің мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2023 жылғы 31 мамырдағы №123 қаулысы және Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 31 мамырдағы №3-3 шешімі негізінде Теректі ауданының Новопавловка ауылдық округі – Құмақсай ауылдық округі деп қайта аталынды.

Оның айтуынша, сонымен қатар БҚО әкімдігінің 2023 жылғы 31 мамырдағы №124 қаулысы және БҚО мәслихатының 2023 жылғы 31 мамырдағы №3-4 шешіміне сәйкес Жаңақала колледжіне Сейітқали Мендешевтің, Карманов орта мектебіне Дінмұхамед Қонаевтың есімдерін беру туралы және Бөрлі ауданы білім беру бөлімінің Александров орта мектебін – Достық орта мектебі, Бәйтерек ауданы білім беру бөлімінің Чеботарев орта мектебін – Құрманғазы орта мектебі, Киров негізгі орта мектебін – Болашақ негізгі орта мектебі, Подхоз негізгі орта мектебін Жалын негізгі орта мектебі деп қайта атау бойынша ұсыныстар республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жолданды.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, «Ономастика – мемлекеттік идеологияның негізі» тақырыбында кешенді кездесулер, «Мен тұратын көшенің тарихы» акциясы, «Ономастика – ел айнасы» кешенді іс-шаралар және көрнекі ақпараттарды рәсімдеуде әдістемелік көмек көрсету үшін «TILGE QURMET» қоғамдық тіл инспекциясы қызметін ұйымдастыру жобалары бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Бүгінгі таңда 400-ге жуық білім беру ұйымдары мен кәсіпкерлік нысандарына «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 21-бабының талаптарының сақталуы бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп, орын алған заң бұзушылықтар жойылды. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында облыстағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының веб сайттарындағы және әлеуметтік желіде орналастырған ақпараттарына мониторинг жүргізіліп, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының талаптарына сәйкестендірілді», деді ҚазАқпарат тілшісіне Сайран Темірғалиұлы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда аудан орталығы Федоровканың атауы Теректі болып өзгергенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар