Батыс Қазақстанда найзағай түсіп, мал қорасы мен 125 тонна пішен жанып кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында мал қорасы мен 125 тонна пішен жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 28 мамыр күні сағат 20.20-да Тасқала ауданы Мереке ауылдық округі Қалмақ қыстағында «Мерлан» шаруа қожалығының аумағында болды.

Найзағай түсіп, аумағы 770 шаршы метр мал тұратын базаның шатыры мен соған жапсарлас үйілген 125 тонна (700 шаршы метр, 500 орама) пішен өртенді. Оған қоса қора ішіндегі 3 тонна арпа отқа оранды.

«Тілсіз жауды» ауыздықтауға ТЖ департаментінен 7 қызметкер, 2 техника, ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 12 адам, 4 техника жұмылдырылды.

Өрт бүгін сағат 04.47-де толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 3 жасар баланың төртінші қабаттан құлап кеткенін жазған едік.



Соңғы жаңалықтар