Батыс Қазақстанда майлы дақылдарға маңыз беріліп отыр

None
None
ОРАЛ. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында майлы дақылдар өсіруге, оны өңдеуге ерекше маңыз берілетін болады. Бұл туралы «Батыс Күнбағыс» АҚ-да «Кластерлік негізде майлы дақылдар өндіру» деген тақырыпта өткізілген кеңесте айтылды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықовтың айтуынша, майлы дақылдарды өндіруді дамыту үшін қазіргі заманғы технология мен арнаулы техника, күнбағыстың жоғары өнімді тұқымдарын қолданбаса болмайды. Осыған орай кластерлік негізде «Батыс Күнбағыс» АҚ сервистік дайындау кооперативі мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында тығыз қарым-қатынасты жолға қою қажет.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің бастығы Николай Зинченконың мәліметіне қарағанда, биыл республикалық бюджеттен өсімдік шаруашылығын дамытуға 558 млн. теңге бөлінсе, 123,5 миллионы майлы дақылдар үлесіне тиеді. Майлы дақылдар көлемі 31,8 мың гектарға жеткізілсе, соның 26,1 мың гектары - күнбағыс. Алдағы жылы күнбағыс көлемін 40 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр, бұл үшін 160 тонна тұқым қажет.

Қазіргі кезде «Батыс Күнбағыс» АҚ зауыты өсімдік майын шығара бастады. Оның қуаты майлы дақылдар өсіру мен өткізуге толық мүмкіндік береді. Сондықтан зауыт базасында сервистік дайындау орталығын ашып, оған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді кеңінен қатыстырудың маңызы зор.

Соңғы жаңалықтар