Батыс Қазақстанда қызылша жұқтырғандар саны сексеннен асты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қызылшамен ауырғандар саны сексеннен асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен алынған мәліметке қарағанда, өңірде күні бүгінге дейін 82 адам осы дертке шалдықса, соның 45,1 пайызы - 14 жасқа дейінгі балалар.

Бір жасқа дейінгі 14 сәби қызылшамен ауырған, бұл - балалардың 37,8 пайызы.

Қызылша, әсіресе, Орал қаласында белең алып тұр, мұнда 54 адам сырқаттанса, сондай-ақ Бәйтерек ауданында - 8, Бөрліде - 7, Бөкей ордасында - 6, Сырымда - 4, Теректіде 3 жағдай тіркелген.

Аурудың алдын алу мақсатында 1 сәуірден бері 9-10 айлық сәбилерді, 40 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерін және қызылшаға шалдыққандармен қарым-қатынас жасағандарды егу жұмыстары жүргізілді.

Сәуір айында 2074 бала (95,2 пайыз), 1550 медицина қызметкері (97,2) және қызылшамен ауырғандармен байланыста болған 108 адам егілді. 9-10 айлық сәбилерді қосымша егу жұмыстары желтоқсан айына дейін жалғасады.

«Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты ауруларға, тіпті қаралмаған жағдайда өлімге апарып соқтыруы мүмкін. Сондықтан одан сақтанудың жалғыз жолы - екпе алу», - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне аталған департаменттен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қызылшаға шалдыққан 14 жасқа дейінгі балалардың барлығы екпе алмағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар