Батыс Қазақстанда қыстаққа қасқыр кіріп кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қасқыр қыстаққа кіріп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Бөкей ордасы ауданы Саралжын ауылдық округіне қарасты «Керібай» қыстағында орын алды. Ауылдық округ әкімі Нүркен Сабировтың айтуынша, сол қыстақты қоныстанып отырған Есбол Хамитовтан мезгілсіз келген «қонақ» жөнінде хабар түскен. Ауылдан аңшылар көмекке барғанша, сол қыстақтағы жігіттер түз тағысын айырмен соғып алған.

Е.Хамитовтың сол қыстақта тұратын көмекшісі Бекжан Баженовтің сөзіне қарағанда, малға шапқан қасқыр сарайға кіріп кеткен.

«Қасқыр сарайға кіріп, күшігімізді талап, өлтіріп тастады. Біз Есентай Есенғалиев екеуміз қасқырды айырмен түйреп өлтірдік. Кейін күшік екеуін өртеп жібердік», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Баженов.

Бір айта кететін жайт, Б.Баженовтің әкесі Ғалымжан Баженов - кезінде аңшы, қасқыршы болған, қазір сол ауылда имам.

Биыл өңірде қыс қарлы әрі боранды болып тұр. Бүгін де Саралжын ауылында бұрқасын соғып тұр.

Соңғы жаңалықтар