Батыс Қазақстанда қырыққабат бағасы 17,6 пайызға өсті

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қырыққабат бағасы 17,6 пайызға өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі БҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Бақдәулет Ибраимовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 103,3 пайыз (соңғы аптада, 25 мамырға – 100,1 пайыз) болды.

Оның сөзіне қарағанда, қырыққабаттың бағасы 17,6, пияз бен сәбіз 5 пайызға көтерілсе, есесіне қарақұмық 1,8, жұмыртқа 2,5, күнбағыс 1,5 пайызға төмендеді.

«Көкөніс бағасының өсуі маусымаралық кезеңмен байланысты. Өйткені облыстағы көкөніс қоймаларында былтырғы өнім таусылды. Биыл жаңа піскен көкөніс түрлері оңтүстік өңірлерден, сонымен қатар Тәжікстан, Өзбекстан секілді сырт елдерден әкелініп жатыр», дейді Бақдәулет Талғатұлы.

Өңірде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қарақұмық, күріш, тұз және қанттан басқа 15 түрі өндіріледі. Облыс тұрғындары сиыр еті, ұн, макарон өнімдері, күнбағыс майы, тауық жұмыртқасы, картоп, сәбізбен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Дегенмен кейбір тауарлар жеткіліксіз, соның ішінде сүт өнімдерімен тұрғындар 20-25 пайыз қамтылған. Бұл – сүт өнімдерінің басым бөлігі сырттан әкелінеді деген сөз.

Биыл облыс әкімдігімен және «Аqjaiyq» ӘКК«АҚ-мен бірлесіп облыстың барлық көкөніс қоймаларына талдау жүргізіліп, құжаттары жасалды. Қолданыстағы 55 қойманың 20-сында көкөніс өнімдерін ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар бар.

Департамент басшысының айтуынша, биыл қыс және көктем мезгілінде базарға қарағанда, супермаркеттерде көкөніс өнімдерінің бағасы төмен болды. Мұның себебі – жергілікті супермаркет желілерінің көкөніс қоймасы бар өндірушілермен тікелей келісімшарт жасауына байланысты өнім бағасы төмендеді.

Бұдан басқа сауда желілері мен облыс әкімдігі әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының бағасы бойынша сауда үстемесін 10 пайыздан асырмай сату бойынша меморандумға қол қойды.

Сонымен қатар облыс әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Соның нәтижесінде ірі сауда желілеріне жоғары бағамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізетін делдалдар жойылды.

«Департамент әр сейсенбі және жұма күндері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасына мониторинг жүргізеді. Ірі базарларды, супермаркеттер мен үй маңындағы дүкендерді қамтимыз. Егер супермаркет желілерінде бәрі ашық болса, электронды шот-фактуралар бойынша тауар қандай бағамен сатып алынғанын және қандай үстемеақы қосылғанын қадағалай аласыз, ал базарлар мен үй маңындағы дүкендерде мәселе бар. Тиісті құжаттардың болмауына байланысты көптеген жағдайда тауардың қандай бағамен сатып алынғанын және қанша пайыз үстемақы қосылғанын тексеру қиындыққа соғады», деді Б.Ибраимов.

Бес айдың қорытындысы бойынша департаментке облыс тұрғындарынан тек екі өтініш түскен. Бірінші өтініш пиязды жоғары бағамен сатуға қатысты болса, екіншісі Бөрлі ауданынан, сөредегі және кассадағы бағаның сәйкес келмеуі. Бұған байланысты кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Тағы бір айта кететін жайт, қала әкімдігімен және «Аqjaiyq»ӘКК«АҚ-мен бірлесіп, бағаны тұрақтандыру мақсатында облыс бағбандарына өсірілген өнімді сатуға жәрдемдесу үшін екі бағытта пилоттық жоба қолға алынды. Біріншісі – Орал қаласының «Алтын алма», «Мирлан» және «Ел ырысы» базарларында тегін сауда орындарын ұсыну арқылы дайын өнімді сатуға көмектесу, екінші бағыт – облыста арнайы орталықтандырылған оператор белгіленді. Оператор жергілікті бағбандардан көкөніс өнімдерін сатып алуға дайын.


Соңғы жаңалықтар