Батыс Қазақстанда құрылыс саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда

None
None
ОРАЛ. Қарашаның 21-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында құрылыс саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде жиырма бағдарлама бойынша 10,4 млрд. теңге бөлінген. Осы қаржыға тұрғын үй, мектеп, мәдениет, ауруханалар салынуда. Мәселен, облыста бюджеттік сала қызметкерлеріне  жалға берілетін  үйлер аудандарда да, қалада да іске қосылуда. Сол секілді «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасына сәйкес салынған нысандар қызметкерлері үшін несиелі үй тұрғызуға биыл 421 млн. теңге қарастырылған. Орал қаласында мүгедектер, жетімдер мен аз қамтылған отбасылар үшін 216 пәтерлік үй берілсе, осындай 240 пәтерлік тағы бір үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы жасалды. Мұның іргесін көтеруге облыс бюджетінен 100 млн. теңге бөлінді.

Жаңа мекенжайларға инженерлік-коммуникациялық желілер тарту үшін республикалық бюджеттен 1,4 млрд. теңге жұмсалды.

Білім нысандарының бой көтеруі үшін 1,3 млрд. теңге аударылса, емдеу мекемелерін салу да жалғасуда. Оралда 200 төсектік көпбейінді балалар ауруханасы мен қалалық емхана, Чапаевта ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана, Переметный (120 төсектік) мен Ақжайық (100 төсектік) ауылдарында ауруханалар салынуда. Жаңақалада ауданаралық сауықтыру орталығын мемлекеттік комиссия қабылдап алса, Оралда құрылысы жалғасып жатқан 150 төсектік онкологиялық диспансер үшін 2009 жылы 200 млн. теңге бөлінді. Осының он айда 157,4 миллионы игерілді. Бөрлі ауданының Қарашығанақ ауылында медпункт аяқталып, Орал қаласында облыстық кардиологиялық орталық ғимараты қайта құрылса, жыл соңына дейін Жәнібектің Ұзынкөлінде дәрігерлік амбулатория ашылады. Келесі жылы осындай амбулатория Оралға қарасты Желаев кентінде де салынады.

Теректі аудандық мәдениет үйінің құрылысын бітіру үшін биыл 60 миллионнан астам теңге қаралды. Бұл нысан да іске қосылатын болады.

Соңғы жаңалықтар