Батыс Қазақстанда коронавирустан 940 адам ем қабылдауда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа қатысты жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Бұл туралы брифингіде облыс әкімі Ғали Есқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда өңірде 940 адам (571-і жұқпалы аурулар, 369-ы провизорлық ауруханада) ем алуда. Соның ішінде 473 адамның жағдайы орташа болса, 92 адам ауыр халде.

БҚО-да індет жалпы 3600 адамнан анықталған болатын. Дертке шалдыққандардың 61,1 пайызы Орал қаласында – 2100 адам. Сондай-ақ Бөрлі ауданында 223, Бәйтеректе 208, Ақжайықта 141 адам тіркелді.

Әкімнің сөзіне қарағанда, 1 сәуірде өңірде 380 төсек-орын болған еді. Індеттің өршуіне байланысты олардың саны 3 есе дерлік, 1125-ке дейін ұлғайтылды. Жуырда облыстық және қалалық көпбейінді ауруханада тағы 230-дей орын ашылмақ.

Күні бүгін 130 жасанды тыныс алу аппараты бар. Мәлім етілгендей, бұл – өңірге жеткілікті. Алайда, оттегі концентраторлары бойынша тапшылық бар. Қазіргі таңда науқастарды емдеуде 46 оттегі концентраторы қолданылуда. Демеушілер қаржысы есебінен концентраторлар алуға тапсырыс берілді, таяу арада жеткізіледі. Бобров аппараты да әкелінеді. Сонымен қатар оралдық кәсіпорындардың бірінде Бобров аппараты шығарыла бастамақ.

«Қазіргі таңда медицина кадрларының жетіспеушілігі өткір мәселенің бірі болып отыр. Ең алдымен, кіші және орта медицина мамандары жетіспеуде. Індетпен күреске медицина қызметкерлері жалпы санының тек 50 пайызы ғана жұмылдырылған. Медицина қызметкерлерінің көбі ауруға шалдыққан немесе мәжбүрлі демалысқа кеткен. Осы мәселені шешу үшін 2 медициналық колледж түлектерін ауруханаларда жұмыс істеуге жеделдетіп оқыту жұмыстары басталды. 15 күннен соң дәрігерлерге 200-ге жуық жаңа медициналық қызметкер көмекке келеді. Сонымен қатар біз басқа қалалардан жоғары медициналық оқу орындарының түлектерін тартуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жеке медициналық клиникалардан 9 дәрігер әріптестеріне көмектесуге келісті», деді өңір басшысы.

Облыс әкімі соңғы айда вирусқа қарсы және қызуды түсіретін дәрі-дәрмек жеткізілімі 5 есе өскенін жеткізді. Күні бүгін құрамында парацетамол бар дәрі-дәрмектер, ацетилсалицил қышқылы, цефтриаксон, азитромицин, аскорбин қышқылы, вирусқа қарсы дәрілер жеткілікті. Ал парацетамол, леовфлоксацин және антикоагулянт жетіспеуде.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес дәрі-дәрмекті сатуда алыпсатарлықты анықтай бастадық, дәріханаларда бағаны бақылаудамыз. Мониторингтік топ бірқатар дәріхана иелері тарапынан бұзушылықты анықтады. Барлық материалдар айыппұл салу үшін облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді. Дәріханалар бағаны өсірмеуі тиіс. Дәрі-дәрмек бойынша шектік бағаны www.dari.kz. сайты арқылы қарауға болады», деді Ғ.Есқалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда кәсіпкердің облыстық ауруханаға оттегі концентраторын тарту еткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар