Батыс Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан 7 адам ауыр халде жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының жұқпалы аурулар ауруханасында 143 науқас коронавирустан емделіп жатыр. Бұл туралы брифингте БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, соның 8-і – бала. 52 науқас жеңіл, 78-і орташа халде.

«Қазіргі таңда жеті науқастың жағдайы ауыр. Соның төртеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», деді Б.Қаюпов.

Сондай-ақ 18 адам провизорлық, 130 адам карантиндік стационарда жатыр.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, күні бүгінге дейін өңірде 818 науқас 262 ошақта тіркелді.

Солардың 326-сы – сырттан келгендер (205-і – Ресейден, 119-ы – Атыраудан, біреуі – Германия, тағы бірі – Беларусьтан).

Ауырғандардың 54 пайызы немесе 442-сі – бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар. Соның ішінде 106-сы – медицина қызметкерлері.

Індеттің көпшілігі (633-і) Оралда тіркелгенімен, сонымен қатар облыс аудандарында да көбейіп барады. Атап айтқанда, Ақжайық ауданында – 5, Бөкей ордасында – 2, Бөрліде – 15, Жаңақалада – 4, Жәнібекте – 11, Бәйтеректе – 34, Қазталовта – 1, Қаратөбеде – 2, Сырымда – 12, Тасқалада – 28, Теректіде – 20, Шыңғырлауда 2 адам сырқаттанған.

«Қазіргі кезде Сырым ауданы Жымпиты, Тасқала ауданы Тасқала, Жәнібек ауданы Қамысты және Борсы ауылдарында карантин сақталып отыр. Сонымен ауру анықталуына байланысты Қаратөбе ауданы Саралжын ауылдық округі де жабылып, блокпосттар қойылды. Облыста жағдай әлі де қолайсыз болып отыр», деді Н.Мұстаев.

Сонымен қатар облыста 3 маусымнан бастап клиникалық белгілері жоқ 166 адам тіркелді, олар үйлерінде оқшауланып, карантинде болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коронавирустан әйел адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар