Батыс Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан 58 науқас ауыр халде жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жұқпалы аурулар стационарында 512 адам емделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың брифингте мәлім еткеніндей, соның 13-і – балалар, 13-і – жүкті әйелдер.

Ауырғандар ішінде 19-ы жеңіл, 435-і орташа, 58-і ауыр халде. 349 адам пневмониямен сырқаттанса, соның 9-ы – балалар. 14 ересек адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Сенбі және жексенбі күндері ауруханаға 86 адам түсті.

«Облыста жұқпалы аурулар ауруханасына қосымша қалалық көпбейінді ауруханада 389, Ақжайық аудандық ауруханасында 30, Бөрліде 30, Бәйтеректе 6 орын ашылды. Өңірде медициналық көмек көрсетілгендер саны екі есе көбейді. Тең соңғы тәуліктерде жедел жәрдемге мыңнан астам қоңырау шалынды. Облыста дәрі-дәрмек тапшылығы мен мамандардың жетіспеушілігін шешу мақсатында тиісті шаралар алынуда», деді Б.Қаюпов.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, 28 маусым күні 95 дерек тіркелсе, соның 42-сі – ауру белгісі бар науқастар. Қалған 53-і – клиникалық белгілері жоқтар.

42 адамның 22-сі – бұрын коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандар. Екеуінен эпидемиологиялық қадағалау бойынша сынама алынса, 18 адам өз бетінше медициналық көмекке жүгінген.

Күні бүгінге дейін облыста 1431 науқас 821 ошақта тіркелді. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 218,0-ден келеді.

Сонымен қатар 3-28 маусым аралығында клиникалық белгілері жоқ 1071 тасымалдаушы тіркелді. Облыста барлығы 893 адам жазылып шықты.

Өңірде осы айдың өзінде 761 адам коронавирус жұқтырса, соның 332-сі немесе 43,1 пайызы – бұрын сырқаттанғандармен байланыста болғандар. Сонша адам медициналық көмекке жүгінген.

М.Арыспаев облыста қосымша шектеу шаралары енгізілгеніне қарамастан, әсіресе, сауда орындары, шаштараз, дүкендерде санитарлық талаптардың сақталмай отырғанын жеткізді. Осыған байланысты 43 хаттама толтырылып, материал сотқа жолданды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда пневмониямен ауырғандар саны 273-ке жеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар