Батыс Қазақстанда көлік иелері ерекше нөмірлерге 73 млн астам теңге жұмсаған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында көлік иелері жыл басынан бері ерекше нөмірлік белгілер алуға 73 млн астам теңге жұмсаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 277 адам Орал қаласының мамандандырылған ХҚО-нда осыншама қаражатқа жоғары сұраныстағы нөмірлерді сатып алған. Мысалы, 25 жастағы жігіт үш бестіктен басталатын нөмірге 419 631 теңгесін қиған. Ол 5 саны сәттілік әкеледі деп сенеді.

Филиалдан түскен мәліметке қарағанда, көлікті рәсімдеу кезінде мамандандырылған бөлім қызметкерлері құны 2,8 АЕК немесе 8 576 теңге болатын қарапайым мемлекеттік нөмірлер тізімін ұсынады. Кәдімгі нөмірлік белгілермен қатар, сандар мен әріптердің әдемі комбинациясын сатып алуға болады. Құны да сәйкесінше жоғары: 57 АЕК (174 591 теңге) пен 285 АЕК (872 955 теңге) аралығында.

«Сонымен қатар, жоғары сұраныстағы нөмірлер қатарындағы сандар немесе әріптерді қолдана отырып, өз қалауындағы нөмірге Әкімшілік полиция басқармасына жолығу арқылы тапсырыс беруге болады. Мемлекеттік нөмірді басқа адамға сатуға немесе сыйлауға болмайды. Автокөлігін сатқан жағдайда нөмірді мамандандырылған ХҚО-нда 6 айға дейін уақытша сақтауға қалдыра алады», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын биыл нәресте күтімі бойынша 152 мың жәрдемақы SMS арқылы рәсімделгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар