Батыс Қазақстанда киіктер саны өсті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында киіктер саны өсіп келеді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде БҚО орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, киіктер облыстың алты ауданын (Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазталов, Жаңақала, Тасқала және Ақжайық) мекендейді. Бұл жердің жалпы көлемі 8 млн гектардан асады.

Киіктер негізінен Жәнібек, Бөкей ордасы және Қазталов аудандарында топталып жүреді. Қыс кезінде Жаңақалаға және Бөкей ордасының оңтүстік бөлігіне көшеді.

«Биылғы сәуір айында киіктерді әуеден санау жұмыстары жүргізілді. Оның қорытындысы шілде, тамыз айларында белгілі болады», деді Қ.Қадешев.

Өңірде 2010 жылы киік 39 мың болса, 2011 жылы 17,7 мыңға дейін төмендеп кеткен еді. Содан бері тұрақты түрде өсуде. Атап айтқанда, киік саны 2012 жылы 20 мың, 2013 жылы 26,4 мың, 2014 жылы 39,5 мың, 2015 жылы 51,3 мың, 2016 жылы 70,2 мың, 2017 жылы 98,2 мың басқа жетті.
null 

Қазіргі кезде киіктер Жәнібек және Қазталов аудандарында жаппай төлдеу үстінде. Соған байланысты қорғау шаралары күшейтілді. Мысалы, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс өңірлік филиалы инспекторларынан құралған 8 топ 19 автокөлікпен сол жерлерде жүр. Оған Алматыдан 2 автокөлікпен тағы бір жедел топ көмекке келген. 6-22 мамыр аралығында мониторинг және биологиялық сынама алу жұмыстары да жүргізілуде.

Айта кетейік, браконьерлердің киікті оның аса құнды болып саналатын мүйізі үшін аулайтыны белгілі. Биылдың өзінде 22 браконьерлік дерегі анықталып, қылмыстық істер қозғалды. Заңсыз аулаушылардан 167 киік ұшасы мен 268 мүйіз тәркіленді. Соттарда 6 қылмыстық іске нүкте қойылса, қалғандары бойынша тергеу амалдары жалғасуда. 

Соңғы жаңалықтар