Батыс Қазақстанда киік санының өсуіне байланысты оны қорғау да қиындап отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында киік санының өсуіне байланысты оны қорғау да қиындап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Закария Тұралиевтің брифингіде мәлім еткеніндей, 2019 жылғы әуе санағы нәтижесінде өңірдегі киік саны 217 мыңға жеткен.

Биыл төтенше жағдай мен карантинге байланысты әуе санағы жүргізілген жоқ. Дегенмен мамандардың топшылауынша, киіктердің саны 2-2,5 есеге өскені байқалады.

Жайық киік популяциясына жататын ақбөкендер облыстың Ақжайық, Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала және Тасқала аудандарын мекендейді. Үстірт тобына жататын киіктер Сырым, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарында аздап кездеседі. Киік үнемі көшіп-қонып жүретіндіктен, кейде Ресейдің Саратов, Волгоград облыстары аудандарының жеріне де өтіп кетіп жатады.

З.Тұралиевтің сөзіне қарағанда, осылайша көшіп-қонып жүретін киіктерді бақылау да қиын емес. Әр 15 күн сайын ауысып тұратын, 20 адамнан тұратын 4 инспекторлық топ 8 автокөлікпен бәрін қамти алмайды. Киіктер 5 мыңнан 20 мың басқа дейін топталып жүреді. Ал 100-200 бастан тұратын шағын топтар қадағалаусыз қалып қояды.

«Қазіргі таңда «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның облыстағы филиалында 53 қызметкер бар, бұл аз. Сондықтан инспекторлар санын көбейту жөнінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен аталған кәсіпорын басшылығына хат жіберілді. Сондай-ақ «Бөкейорда» мемлекеттік резерваты құрылса, киікті қорғау мәселесін жеңілдетер еді», - деді З.Тұралиев.

Киіктерді браконьерлерден қорғау мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Егер 2018 жылы – 43, өткен жылы 26 қылмыстық іс қозғалса, биыл жыл басынан бері 18 қылмыс ашылды.

Құқық бұзушылардан биыл 305 киік ұшасы мен 1280 дана мүйіз тәркіленді. Мемлекетке 1,3 млрд астам шығын келді.


Соңғы жаңалықтар