Батыс Қазақстанда кеніштен өрт шығып, вахта қалашығы отқа оранды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бәйтерек ауданы аумағындағы Чинарев кенішінің тұрғын үй қалашығында өрт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаменті азаматтық қорғау саласында апат қаупін төмендету және бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ерлан Төрегелдиевтің айтуынша, вахталық қалашықта бүгін таңғы сағат 05.46-да 13 вагон отқа оранған.

Чинарев кеніші жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімінен 75 шақырым қашықтықта орналасқан. Өрт жөнінде 112 телефонына мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметі – «Семсер – Өрт сөндіруші» ЖШС-дан үш сағаттан астам уақытқа кешігіп, 08.56-да хабарланған.

Оқиға орнына өрт сөндірушілермен бірге департаменттің өрт сынағы зертханасы қызметкерлері (8 адам, 2 техника), сондай-ақ полиция (2 адам, бір техника) дереу аттанды.

Соңғы мәліметке қарағанда, вахта қалашығы «Saipem» компаниясына тиесілі. Қазіргі кезде компания кеніш аумағындағы қызметін тоқтатқан. Тұрғын үй вагондарын алып кету жұмыстары жүргізілген. Қалашықта 15 вагон болса, соның 13-і (12-сі - адамдар тұратын, біреуі - кір жуатын вагон) жанып кеткен. Шамамен 624 шаршы метрді қамтыған өрт сағат 13.30-да сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Өрттің шығу себебі, келген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде.

«Өртті тез сөндіру үшін оны дер кезінде хабарлаудың маңызы зор», - дейді Е.Төрегелдиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да «КамАЗ» көлігінің өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар