Батыс Қазақстанда «Қауіпсіз ауыл» байқауы өткізілмек

None
None
ОРАЛ. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті «Қауіпсіз ауыл» байқауын өткізуді қолға алып отыр.

Департаменттің баспасөз қызметінің инспекторы Гүлшат Молдағалиеваның ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, өңірдегі халықтың 56 пайыздан астамы ауылда тұрады. Ауылдық жердегі қылмыстардың 55-60 пайызы бөтеннің мүлкін ұрлау, соның ішінде 25-20 пайызы мал ұрлығы болып отыр. Аталмыш байқау мақсаты - құқықтық тәртіпті қажетті деңгейде сақтау, құқық қорғау органдарының жұмысына тұрғындардың сенімін арттыру. Байқау екі кезеңде жүзеге асырылмақ. Бірінші кезең әр ауданда алғашқы жартыжылдық бойынша қорытындыланады. Жыл қорытындысы облыс бойынша шығарылмақ. Байқау жеңімпаздары облыс басшылығы мен департамент тарапынан ынталандырылатын болады. Сондай-ақ аудандарда қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді қатысқан азаматтарды материалдық көтермелеу жолдары да қарастырылмақ.

Соңғы жаңалықтар