Батыс Қазақстанда карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілді. Бұл туралы БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бұл шаралар кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар карантиндік шаралар 25 мамырға дейін сақталады.

Бірінші кезеңде, яғни 12 мамырдан бастап ауданаралық блокпосттар алынады. Ресеймен және көршілес облыстармен шекарада, Орал қаласы мен Бөрлі ауданында қойылған блокпосттар ғана қалады. Тұрғындардың арақашықтықты сақтай отырып, скверлер мен жағажайларда серуендеуіне рұқсат беріледі.

Сондай-ақ өңірдегі барлық азық-түлік базарлары ашылып, таңғы сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін жұмыс істей алады. Алайда оларда барлық санитарлық-дезинфекциялық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Базарға келушілер, сатушылар маска, қолғап киюі керек.

Сол секілді халыққа қызмет көрсету орталықтары да жұмыс істей бастайды. Мұнда да санитарлық талаптар сақталып, қызмет көрсету орнына бес адамнан артық кірмеуі қажет.

Бизнес орталықтары мен олардың офистері жұмыстарына кіріседі.

Коронавирустың өсу деңгейі 5 пайыздан аспаған жағдайда 18 мамырда алаңы 2 мың шаршы метрді құрайтын ірі сауда орталықтары мен азық-түліктік емес тауарлар сататын базарларды да ашу көзделуде. Мониторингтік топтың тексеруінен кейін барлық талаптың сақталуымен балабақша мекемелері де бүлдіршіндерді қабылдай алады.

Ал өсу деңгейі 2 пайыздан аспаған жағдайда фитнес орталықтары, монша, мейрамхана, қоғамдық тамақтандыру орындарына кезек келеді.

Санитарлық талаптарға сәйкес әуе рейстері де біртіндеп қалпына келеді, бұл ретте ұшатын адамдар тест тапсырмайды.

«Облыста жағдай әлі де тұрақсыз. Әсіресе, Ресейден, Теңіз кен орнынан келгендер арасынан аурудың жиі анықталуы алаңдатып отыр. Медицина мекемелерімен, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірге осыны төмендету, науқастарды емдеу, індеттің алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда», - деді М.Арыспаев.


Соңғы жаңалықтар