Батыс Қазақстанда карантин басталғалы 12 адам үйлену тойын жасаған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында гуманитарлық көмек беру ісі жалғасуда. Бұл туралы өңірлік жедел штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облысқа келген гуманитарлық көмекті қабылдау және бөлу жөніндегі комиссия хатшысы Гүлжайна Бисенғалиева мәлім еткендей, 29 сәуір мен 22 шілде аралығында жеті лек гуманитарлық көмек жеткізілген.

Атап айтқанда, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Түркия, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, АҚШ елдерінен, 3 халықаралық компания, 8 ЖШС, 2 жеке қор, барлығы 26 демеушіден келген 7434 медициналық қорғаныс костюмі, 85 042 маска, 70 ультрақызыл термометр, 160 оттегі концентраторы, 400 пульсоксиметр, 200 респиратор, 78 395 бума 35 түрлі дәрі-дәрмек және санитайзер мен дезинфекциялық заттар өңірдегі емдеу мекемелеріне таратылған.

Сол секілді 22 шілде күні Дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымынан 25 мың қорғаныс бетпердесі, 3600 қорғаныс көзілдірігі, 6 700 медициналық халат, 18 мың медициналық бетперде, 51 мың респираторлық бетперде келген. Түркия елінен келген қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмектер де қабылданды. 28 шілдеде «BI Grоup» компаниясы мен «Шұғыла» қоғамдық қоры бірлесіп алған 200 дана оттегі концентраторы облыс ауруханаларына бөлінді.

29 шілде күні жеке азамат Мұрат Мұхамбетовтің демеушілігімен 30 дана Бобров аппараты мен 12 дана СРАР бетпердесі де ауруханаларға берілді.

«Алдағы күндері Қытай, Украина, Оңтүстік Корея, Израиль, Моңғолия, Мажарстан, Біріккен Араб Әмірліктерінен гуманитарлық көмек келмекші», деді Г.Бисенғалиева.

Бейнебайланыс арқылы өткен отырыс барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов қазіргі таңда медициналық мамандардың қатары ЖОО мен колледждер түлектері есебінен толығып жатқанын жеткізді. Өңірде 774 медицина қызметкері коронавируспен ауырса, соның 477-сі жазылып шыққан.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевтың айтуынша, алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерінің денсаулығын нығайту мақсатында тиісті жұмыстар жасалуда.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков облыс басшысының тапсырмасына сәйкес 20 мониторинг тобының карантин кезіндегі тәртіптің сақталуын қадағалауды күшейткенін жеткізді. Соның нәтижесінде 8 заңды тұлғаға, 74 тұрғынға қатысты әкімшілік іс материалдары сотқа жолданды. Санитарлық талаптың сақталмауына байланысты «Мирлан» базарындағы көтерме сауда орындары «Ел ырысы» базары аумағына көшірілген болатын.

Қазіргі таңда Зачаган кентіндегі мамандандырылған ХҚО жанынан тағы бір көтерме сауда орнын ашу мәселесі ойластырылуда. Осыған орай облыс әкімі Ғали Есқалиев Теректі ауданы басшысына Оралға тиіп тұрған Подстепный ауылынан тағы бір көтерме сауда орнын ашуды тапсырды. Сонымен қатар карантин шараларын сақтау бағытындағы басқа да шаралар жалғасады.

БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың сөзіне қарағанда, карантин режимін бұзғандарға қатысты 171 әкімшілік хаттама толтырылып, 11 млн теңге айыппұл салынған. Бұлардың көпшілігі – түнде мезгілсіз жүргендер. Сондай себеппен 131 адам жауапқа тартылды.

Сол секілді шаштараз, сауна, мейрамхана сияқты орындарда 17 заңбұзушылық анықталып, иелеріне 3 млн астам теңге айыппұл салынды. Өкінішке қарай, өңірде түрлі көпшілік жиындар тыйылмай тұр.

Соның ішінде 5 шілдеден бері 12 үйлену тойының өткізілгені белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар