Батыс Қазақстанда қала мен аудан басшыларының өзіне «сенімді» адамдарды сүйрелеп жүру фактілері жойылған жоқ

None
None
ОРАЛ. Қазанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша басқармасы, облыстық тәртіптік кеңес БҚО әкімдігі және «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалымен бірлесіп сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мен мемлекеттік тәртіпті нығайтуға арналған кеңес өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала мен аудандар әкімдері, облыстық басқарма-департаменттер, құқық қорғау органдары басшылары қатысқан кеңесте аталмыш басқарма бастығы, тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалин өз баяндамасында сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысы мен мемлекеттік тәртіп мәселесіне сыни тұрғыда тоқталды. Соңғы кезде жергілікті мекемелер мен әкімдіктердің жұмысына көңілі толмайтын немесе олардан жапа шеккен адамдардың арыз-шағымы көбейді. Облыстағы 4564 мемқызметшінің 81 пайызы жоғары білімді. Алайда жерлестікке, тамыр-таныстыққа әлі де жол беріледі. Қала, аудан басшылары ауысқан сайын өзімен бірге «сенімді» адамдарын, яғни командасын сүйрелеп жүру фактілері жойылған жоқ. Мұндай жай Орал қаласы, Зеленов, Бөрлі, Теректі ауданы әкімдіктерінде орын алған. Осы аудандардағы әкім орынбасарларының басым бөлігі жұмыстарына Оралдан қатынап жүр. Сондықтан жергілікті тұрғындар оларға уақытша келген адам ретінде қарайды. Сол секілді өңірде кадр тұрақтамаушылық та белең алған. Айталық, өткен жылы мемқызметшілердің қызметтен ауысу көрсеткіші 18,7 пайызға жеткен. Соңғы бір жыл тоғыз ай мерзімде Ар-намыс кодексін бұзған 15 мемқызметші жазаға тартылып, екеуі қызметтен босаған. Биылғы жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының талаптары 220 рет бұзылса, соның 80 пайыздайы - өкілеттілігін асыра пайдаланып, заңсыз артықшылықтар беру.

Жарыссөзге «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжебай Нығмет, облыс прокурорының орынбасары Әспенби Жарылғасов, БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Александр Кривобоков, облыстық қаржы бақылау инспекциясының бастығы Серік Тұрсынов қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Жиынды облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Ноғаев қорытындылап, кеңесте қозғалған мәселелер бойынша тиісті қорытынды шығарудың қажеттігін атап көрсетті.

Соңғы жаңалықтар