Батыс Қазақстанда Қадыр Мырза Әлидің 80 жылдығына арналған шаралар басталды - ФОТО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қазақтың ұлы ақыны, ҚР Мемлекеттік және «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстан халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің 80 жылдығына арналған шаралар басталды.

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директорының орынбасары Сара Кенжебаеваның хабарлағанындай, ақынның туған күні - 5 қаңтарда өңірдегі барлық кітапханаларда бір мезгілде «Қазақтың Қадырын оқимыз» атты шара ұйымдастырылды. Соның ішінде Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада «Өлең сөздің зергері - Қадыр ақын» атты шараға ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, Айтқали Нәріков, БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, әдебиетші-ғалым, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Серікқали Шарабасов қатысып, қазақтың Қадыры туралы ойларын ортаға салды. Студент жастар мен балабақша бүлдіршіндері ақын өлеңдерін оқыды. Келушілер назарына фотосуретші Рафхат Халелов түсірген және БҚО тарихи-өлкетану музейінен алынған суреттер көрмесі, Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына арналған «Асыл сөздің алдаспаны» атты кең көлемді кітап көрмесі, слайд-видео ұсынылды.

Облыста ақынға арналған шаралар жыл бойы өтетін болады. Мәселен, Орал қалалық әкімдігінің қолдауымен 18-35 жас аралығындағылар арасында облыстық Қадыр оқулары биыл төртінші рет ұйымдастырылмақ. Туған жері - Сырым ауданында оқушылар арасында облыстық Қадыр оқулары, ақын туралы фильм түсіру, түрлі байқаулар мен конференциялар, жыр мүшәйралары, ас беріп, дала қызықтарын өткізу көзделуде.

Айта кетейік, биыл Орал қаласында Қадыр атындағы шығармашылық орталық та ашылмақшы.

Соңғы жаңалықтар