Батыс Қазақстанда ірі қара саны 790 мыңға жетті

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында етті және етті-сүтті бағыттағы ірі қара саны 790 мыңға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, бұл көрсеткіш жөнінен өңір республика бойынша бірінші орында.

Оның айтуынша, мал шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің жетекші саласы болып табылады. Облыста мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімінің негізгі үлесін (60 пайыздан астам) құрап отыр.

Ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі мал шаруашылығы болғандықтан, төрт түлік малдың өнімділігін арттырып, мемлекеттік қолдауға қол жеткізе отырып, саланы одан әрі дамыту көзделуде.

Қазіргі таңда 1 қарашадағы мәлімет бойынша ірі қара 799,3 мыңға (112,1 пайыз), қой – 1162,9 мың (106,0 пайыз), жылқы – 275 мың (111,9 пайыз), түйе – 2,5 мың (105,8 пайыз), ешкі – 215,9 мың (102,9 пайыз), құс 1597,3 мың (100,1 пайыз) жетіп отыр.

Арман Кәрімұлының сөзіне қарағанда, бұдан 10 жыл бұрын өңірде 15 асыл тұқымды шаруашылық болса, қазір сондай 489 шаруашылық тіркелген. Соның ішінде 402-сі асыл тұқымды ірі қара, 51-і қой, 35-і жылқы, біреуі түйе өсірумен айналысады. Оларда 95 мың бас асыл тұқымды ірі қара, 50 мың қой, 10 мың жылқы, 281 түйе өсірілуде.

Биыл облыс ішінде 43,3 мың ірі қара, 45,1 мың ұсақ мал және 6,2 мың бас жылқы сатылса, көршілес Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және басқа өңірлерге 43 мың ірі қара, 75 мың ұсақ мал, 14,3 мың жылқы өткізілді.

«Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бюджеттен 61 млрд теңге (соның ішінде биыл – 22 млрд теңге) бөлінді. Сондай-ақ осы мерзімде ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 64 млрд теңге несие көздері тартылды. Көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі мен көрсетілген қызметі 246,5 млрд теңгені құрады. Тағы бір айта кететін жайт, облыс бойынша 2022-2025 жылдарға арналған Орал қаласы төңірегінде «Сүт және жасыл белдеуін дамыту» тұжырымдамасы жасақталды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы басталады. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы жобасының үлгісінде 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жасақталуда. Инвестициялық жобаларды іске асыруға АӨК субъектілерін одан әрі жеңілдікпен несиелеу үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі 8 жылға 4 пайызбен жоспар жасалды, соның ішінде сүтті-тауарлы ферма құру, ет өңдеу кәсіпорыны, суармалы жерлерді айналымға енгізу, көкөніс сақтау қоймалары басым бағыттар болып отыр. Осылайша, ауыл, соның ішінде мал шаруашылығына қолдау көрсету ісі алдағы уақытта да жалғасатын болады», деді А.Өтеғұлов.


Соңғы жаңалықтар