Батыс Қазақстанда инфекциялық стационарда жатқандар саны көбейіп отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында инфекциялық стационарда жатқандар саны көбейіп кетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, кеше 1123 төсектік 18 инфекциялық ауруханада 405 науқас жатса, бүгін олардың саны 439-ға жетті.

Соның басым көпшілігі (353-і) Орал қаласындағы 600 төсектік 5 стационарда ем қабылдап жатыр. 28 науқас жансақтау бөлімінде емделуде.

Кеше коронавирустан қайтқандар 350 болса, бүгін олардың саны 352-ге жетті.

Басқарма мәліметіне қарағанда, соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, індет жұқтырғандар 7,8 пайызға (47 науқасқа) төмендеді.

Жыл басынан бері 14160 адам тіркелсе, соның 55,7 пайызы (7895) Орал қаласы, 14,3 пайызы (2026) Бәйтерек, 11,1 пайызы (1581) Бөрлі ауданының үлесіне тиеді.

Індет басталғаннан бері өңірде ауырған 23381 науқастың 18481-і жазылып шықты.

Соңғы тәулікте 86 адамнан ковид табылса, 115 науқас емделіп шықты.

Облыс бойынша 75625 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші, 35843-і екінші компонентін қабылдады.

«Өңірде инфекциялық ауруханаларға түскен науқастардың көбеюі алаңдатады. Сондықтан тұрғындарға карантин талаптарын сақтауды ұмытуға болмайды. Сонымен қатар індетке тосқауыл қою үшін екпе алу қажет», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коронавируспен стационарда жатқандар саны 400-ден асқанын жазған едік.




Соңғы жаңалықтар