Батыс Қазақстанда инфекциялық стационар 54 пайызға толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1323 төсектік 19 инфекциялық стационар 54 пайызға толып, оларда 715 науқас емделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың мәлім еткеніндей, соның ішінде 86 төсектік жансақтау бөлімшелерінде 56 адам жатыр, бұлар 65,1 пайызға толған.

Жансақтау бөліміндегілердің 71 пайызы (40) – 60 жастан асқандар. Бұлардың 36-сында созылмалы дерті бар, атап айтқанда, 28-і жүрек-қан тамырлары аурулары, 8-і қант диабетіне шалдыққан. Алпыс жастан асқандарды емдеу қиынға соғатындықтан, егде адамдардың аса бір қажеттілік болмаса, үйлерінен шықпағаны, адамдар жиналатын көпшілік орындарға бармағаны жөн.

«Облыс бойынша коронавирус жұқтырған барлығы 26188 адамның 79,2 пайызы, яғни 20735-і жазылып шықты. Соның ішінде 9668-і стационарлық, 11067-сі амбулаторлық ем алды. 418 науқас індеттен көз жұмды. Халықты ковидтен қорғаудың жалғыз әрі тиімді жолы вакцина алу екендігін тұрғындар есіне тағы да салғымыз келеді», деді Г.Әбдірахманова.

Гүлнәр Мақсотқызының сөзіне қарағанда, осы кезге дейін облысқа 320 050 доза вакцина келіп түсті.

Облыс бойынша 117834 адам вакцинаның бірінші, ал 70213-і екінші компонентімен егілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал тұрғындары коронавирусқа қарсы екпені кезекке тұрып салдырып жатқанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар