Батыс Қазақстанда Ғұмар Қараштың кесенесі ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында ақын, ойшыл, ағартушы, Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың кесенесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес «Туған жер» бағдарламасы аясында кесене Жәнібек ауданы Борсы ауылынан 12 шақырым жерде орнатылды.

Кесененің ашылу рәсіміне қатысқан облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшардың айтуынша, Ғұмар Қараштың жерленген орны Қазақстанның 100 киелі орындарының қатарына енгізілген болатын. Осыған орай кесене орнату қолға алынған еді.

null

Жалпы, облыс бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жобалар қолға алынып, жаңадан әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтерді. Соның ішінде Ғұмар Қараштың кесенесі ерекше орын алады.

Қазақ халқының азаттық алуын аңсап өткен Ғұмар Қараш «Көреміз бе?» деген өлеңінде сол қилы заманның өзінде-ақ: «Жарық жолға бастаушыға ереміз бе,

Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе?
Таза қанды, кірсіз жанды қазақ жұрты
Өз алдына ел болғанын көреміз бе?
Алды-артын мейлінше байқап алып,
Төңіректе не бар, не жоқ, көзін салып,
Өз тізгінін қазақ ұлы өзіне алып,
Өз алдына жұрт болғанын көреміз бе?», деген болатын.

Бабамыздың сол арманы бүгінде толығымен орындалып отыр.

Жиында аудан әкімі Азамат Сафималиев кесененің бой көтеруіне атсалысқан ел жанашырларына ризашылығын білдірсе, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, ғұмартанушылар, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева, журналист Қазыбек Құттымұратұлы және басқалар аталған шараның маңыздылығын, Ғұмар Қараштың есімін мәңгі есте қалдыру, оның бай мұрасын зерттеу жұмыстарының жалғаса беретінін атап көрсетті.

Ғұмар Қараш атындағы қордың төрағасы Ахмедияр Батырханов құрылыс жұмыстарын атқарған азаматтарға алғысхаттар табыс етті.

null 

Соңғы жаңалықтар