Батыс Қазақстанда газдандыру жұмыстарына 2,6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл газдандыру жұмыстарына 2624,3 млн-нан астам теңге бөлініп отыр.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұржан Боранқұловтың айтуынша, соның ішінде 2,3 млрд. астам теңге республикалық, 316 млн. теңге жергілікті бюджеттен берілді. Осы қаржы есебінен 15,5 мың тұрғыны бар 25 елді мекенге газ тарту көзделуде. Сонымен қатар, Орал жылу-қуат орталығына қосымша газ құбыры құрылысын бастауға 832,7 млн. теңге қаралды. Негізі бұл құбыр құрылысы үш жылға есептелген, биылғы екінші тоқсанда басталып, 2017 жылы мәреге жетпекші. Бұл мақсатқа 2016 жылы 1036,2 млн. теңге, 2017 жылы 1265,8 млн. теңге қарастырылды.

Өткен жылы облыс ауылдарына газ құбырын тартуға 4 млрд. теңге жұмсалып, 13,1 мың тұрғыны бар 24 елді мекенге «көгілдір отын» жеткізілді. Жергілікті қазына есебінен Ақжайық, Теректі, Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарының әлеуметтік нысандарын газға қосу үшін бөлінген 447,2 млн. теңге толықтай игерілді. Бес аудан (Ақжайық, Теректі, Бөкей ордасы, Жәнібек, Сырым) ауылдарына газ құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға 108 млн. теңге кетті.

Өңір тұрғындарының газбен жалпы қамтылуы биылғы жыл басында 91,2 пайызға (574,2 мың адам) жетіп отыр. Соның ішінде ауыл тұрғындарының 82,6 пайызы (262,2 мың адам) газбен қамтылған. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта жақсара түсетін болады.

«Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында инфрақұрылымды дамытып, халықтың әл-ауқатын көтеруге, оларға қызмет көрсету сапасын арттыруға баса көңіл бөлінген. Сондықтан қаламен қатар ауыл-аймақ тұрғындарының газға қолы жетіп, оны игілік көзі ретінде пайдалануының маңызы зор», деді Н.Боранқұлов.

Соңғы жаңалықтар