Батыс Қазақстанда елді индустрияландыру бағдарламасына сәйкес жалпы құны 72,1 млрд. теңге тұратын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылды

None
None
ОРАЛ. Желтоқсанның 24-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында елді индустрияландыру бағдарламасына сәйкес жыл басынан бері жалпы құны 72,1 млрд. теңге тұратын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде он төрт жоба - ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, бесеуі - құрылыс, екеуі - индустриялық-инновациялық даму, бесеуі - көмірсутегі шикізаты және екеуі инфрақұрылым саласына тиесілі. Жобалар аясында 1444 жаңа жұмыс орны ашылды.

Батыс Қазақстан облысын үдемелі индустриялық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі жалпы құны 64 млн. АҚШ долларын (9,6 млрд. теңге) құрайтын 23 жобаны аймақтық индустрияландыру картасына енгізу үшін министрліктерге жолдаса, сонымен қатар облыста республикалық индустрияландыру картасына енгізілген үш жоба жүзеге асырылуда.  Соның ішінен өсімдік майын өндіретін зауыт іске қосылса, қуаты 54 МВт газтурбиналық электрстансы, 8640 бас ірі қара малын бордақылау кешені салыну үстінде. Сондай-ақ үйлестіру кеңесі республикалық индустрияландыру картасына енгізу үшін жалпы құны 1,4 млрд. АҚШ долларын (203,7 млрд. теңге) құрайтын бес жобаны құптап, ҚР Индустрия және сауда министрлігіне жіберді.

Соңғы жаңалықтар