Батыс Қазақстанда егіз жігіттер ерекше нөмір сатып алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында автокөлік жүргізушілері 88 млн теңгеге ерекше нөмірлер сатып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалының PR-менеджері Ақнұр Нұрғалиеваның мәлім еткеніндей, жыл басынан бері «жоғары сұранысқа ие» автокөлік нөмірлерін 329 адам алған.

Көлік сатып аларда азаматтар көлікке арнайы мемлекеттік нөмір алуы тиіс. Егер қызмет алушы ерекше нөмірлі көліктің тізгінін ұстағысы келсе, онда құны қымбаттау тұратын «жоғары сұранысқа ие» нөмірдің бірін таңдайды.

Әдеттегі қарапайым нөмірдің құны – 2,8 АЕК, яғни 8 168 теңге. Сұранысқа ие нөмірлер құны жағынан алты санатқа бөлінеді. 777, 007, ААА немесе ZKO сынды түрлі цифрлық белгілер арасындағы «әдемі» нөмірлердің ең төменгі құны - 166 269 теңге, ең қымбаты - 831 345 теңге. Мамандандырылған ХҚО-ға жүгінген кезде ұсынылған нөмірлердің тізімінен ұнағанын таңдау еркі бар.

А.Нұрғалиеваның айтуынша, ерекше нөмірлі болғандар арасында егіз жігіттер - Аслан мен Жасұлан Напихоновтар бар. Олар 070 QOO 07 және 707 QOO 07 нөмірді таңдаған, яғни екеуінің әріп белгісі ұқсас. Екі нөмірдің бағасы – 300 мың теңге. Сол секілді Азамат деген жүргізуші 666 TOR 07 деген нөмірді алған (құны – 580 мың теңге). Мұндағы TOR сөзі ежелгі құдайларға қатысты. Жүргізуші өмір бойы осы нөмірмен жүргісі келетінін, сондықтан бір-ақ рет таңдау жасағанын мәлімдеді.

Жыл басынан бері Орал қаласы мамандандырылған ХҚО бөлімінен клиенттер жалпы сомасы 87 850 604 теңгеге «мықты» нөмір алған. Сондай-ақ, «жоғары сұранысқа ие» нөмірлер қатарындағы сандар немесе әріптерді қолдана отырып, өз қалауындағы нөмірге әкімшілік полиция басқармасына жолығу арқылы тапсырыс беруге болады. Керекті нөмір бос болса, бір айдың ішінде мамандандырылған бөлімнен келіп алады. Көлікті сатқан жағдайда клиенттің VIP-номерді өз атына қалдыру құқығы бар. Тек мамандандырылған бөлімге уақытша тапсыру керек. Сақтау мерзімі – 6 ай, алғашқы айда тегін сақталады, қалған 5 айы үшін бір рет 8 168 теңге төленеді.

«Egov порталында көліктің техпаспорты мен мемлекеттік нөмірлерді үйге жеткізу қызметі бар. Автокөлікті онлайн түрде қайта тіркеген соң мамандандырылған бөлімге барып қажет емес, мамандар құжаттарды бір күннің ішінде жеткізіп береді», деді А.Нұрғалиева.



Соңғы жаңалықтар