Батыс Қазақстанда боранға байланысты жүк көліктері жолда қалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында боранға байланысты жүк көліктері жолда қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 8 наурыз күні облыс жолдарында болды.

Сағат 17.30-да Сырым ауданы аумағында Самара-Шымкент жолында Ақтөбе бағытында кетіп бара жатқан жүк көлігінің сынып қалғаны жөнінде хабар түсті. Оқиға орнына №14 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жедел жетті.

Кейін анықталғанындай, Самара-Шымкент жолының 490-шақырымында 3 жүк көлігі жол жиегіне түсіп кеткен. Жүргізушілер эвакуациялаудан бас тартты.

Бүгін сағат 11.15-тегі мәлімет бойынша Самара-Шымкент жолының 490-522 шақырымы аралығында жол жиегіне түсіп кеткен 5 жүк көлігі қалып отыр.

Оның біреуі техникалық ақауына байланысты тұр. Қазіргі уақытта жүргізушілерге көмек көрсетілуде.

Кеше сағат 22.00-де боранға байланысты жабылған Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолының 80-шақырымында Тасқала ауданы Бірлік ауылы тұсында 12 жүк көлігі және жүк тиеген 3 «ГАЗель» көлігінің тұрып қалғаны белгілі болды. Құтқарушылардың бақылауымен көліктер жолға шықты.

Сағат 23.49-да Орал қаласы аумағында Деркөл-Белес ауылдық жолында Кардон елді мекені тұсында құтқарушылардың күшімен (2 адам, 1 техника) 3 жеңіл көлік тазартылған жерге шығарылды. 13 адам құтқарылды, соның үшеуі – балалар.

БҚО ТЖ департаменті қысқы кезеңде жолда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керектігін еске салады.

Жолдың жағдайын «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы білуге болады. Құтқарушылар көмегі қажет болған жағдайда 112 телефонына хабарласу керек.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда боранға байланысты республикалық жол жабылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар