Батыс Қазақстанда биыл үш мектептің құрылысы аяқталмақ

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биыл үш мектептің құрылысын аяқтау көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифнгте мәлім еткеніндей, бұлардың үшеуі де – 2022 жылдан ауысқан нысандар.

Атап айтқанда, Казталов ауданы Казталов ауылында 600 орындық мектеп құрылысын «Жиенбай» ЖШС жүргізуде. Келісімшарт құны – 2 млрд 754,3 млн теңге. Аталған нысанды салу барысында құрылыс материалдарының күрт инфляциялық қымбаттауына байланысты сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілді. Қазіргі таңда құрылыс 90 пайызға аяқталған.

Сондай-ақ Казталов ауданы Жұлдыз ауылында 108 орындық мектеп ғимаратын «Альтаир» ЖШС салуда. Келісімшарт құны – 697,2 млн теңге. Күні бүгінге дейін жұмыстар 40 пайызға орындалған.

Оған қоса 2022 жылы төтенше жағдайлар желісі бойынша Қаратөбе ауданы Шалғын елді мекенінде 60 орындық шағын жинақты мектеп құрылысы басталған еді. Құны 766,8 млн теңге тұратын құрылысты «Жиенбай» ЖШС жүргізген болатын. Алайда мердігермен келісімшарт бұзылды. Бұл нысанның дайындығы – 27 пайыз ғана.

Әлібек Сайынұлының сөзіне қарағанда, биыл Шалғын мектебі құрылысына жергілікті бюджет есебінен 398,7 млн теңге бөлініп, жаңа конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Конкурс қорытындысы 16 маусымда шығарылып, мердігер анықталғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары осы айда басталатын болады.

Үш ғимаратты да биылғы үшінші тоқсанда пайдалануға беру жоспарлануда.

Облыста «ҚПО б.в.» компаниясы қаражаты есебінен жеті ауданда 15 шағын жинақты мектеп салынуда.

Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі.

Басқарма басшысының айтуынша, Батыс Қазақстан облысында 18 мектептің құрылысы (2023-2024 жылдары – 9, 2024-2025 жылдары – 9 мектеп) ұлттық жобаға енгізілді. Күні бүгін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен БҚО әкімдігі арасында концорциумдық келісімшарттарға қол қойылып, 5 мектеп бойынша мердігер мекемелер анықталып, нысанға құрылыс техникаларын және жұмыс күшін жұмылдыру жұмыстары жүргізілуде.

Қалған 4 мектеп бойынша конкурстық рәсімдер қайта жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың 3-4 тоқсанында бастау ойластырылуда.

«Нақты айта кетсек, Орал қаласында №53 мектеп, №60 мектеп және Медколледж ауданында №65 мектеп бой көтереді. Бөрлі ауданы бойынша Ақсай қаласында М.Ықсанов көшесінде №1 мектеп, 13-шағынауданда тағы бір нысан, сондай-ақ Пугачев ауылында мектеп салынады. Теректі ауданында Орал қаласына тиіп тұрған Подстепный ауылында жаңа мектеп тұрғызылмақ. Сондай-ақ алдағы уақытта Бәйтерек ауданында Достық және Трекин ауылдарында жаңа білім нысаны іске қосылмақ. Жайлы мектептерді сыртқы инженерлік желілермен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттама дайындауға облыстық бюджеттен 298 млн теңге қарастырылды. Қазіргі кезде бұл жобалар бойынша конкурстық жұмыстар жүргізілуде. Соның үшеуі бойынша мердігерлер анықталды», деді Ә.Антазиев.


Соңғы жаңалықтар