Батыс Қазақстанда бірнеше ауыл табиғи газға қосылды
2022 жылғы 14 қаңтар 17:40

Батыс Қазақстанда бірнеше ауыл табиғи газға қосылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бірнеше ауыл табиғи газға қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бәйтерек ауданының Махамбет ауылдық округіне қарасты Павлов, Горбунов елді мекендерінде «көгілдір отын» алауы тұтанды.

Салтанатты рәсімге қатысқан аудан әкімі Марат Тоқжановтың атап өткеніндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес барлық ауылға табиғи газ және таза ауыз су жеткізу ұдайы назарда.

Оның айтуынша, қазіргі кезде аудан тұрғындарының 97,5 пайызы табиғи газдың игілігін көріп отыр. Ауданда 68 елді мекен болса, осыған дейін 51-і «көгілдір отынмен» қамтылған еді.

Өткен жылы сегіз ауылға газ тарту үшін 500 млн теңге бөлініп, жұмыстары басталған болатын. Күні бүгін соның төртеуі газға қосылды. Енді Ақсу, Ақбидай, Кирсанов, Кіші Шаған ауылдары осындай игілікке қол жеткізбекші. Сонда газбен қамту көрсеткіші 99,5 пайыз болмақшы.

Қазіргі кезде аталған ауыл тұрғындары ерекше қуаныш үстінде.

«Отын іздеу, от жағып, күл шығару машақатынан құтылдық. Енді ауылда балалар ойын алаңы, балабақша, бастауыш мектеп ғимараты салынса, тіпті оңды болар еді», деді Горбунов елді мекенінің тұрғыны Альфия Өтеуова.

Павлов ауылында тұратын Лейла Колбесенова газға қоса елді мекеннің «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында таза сумен қамтылғанын айтып, ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ округ орталығы Махамбетте ауылдық мәдениет үйі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтті. Осы ғимараттың бір бөлігі кәсіпкер Алмас Аманғалиевтің меншігінде еді. Кәсіпкер бұрын жатақхана есебінде пайдаланылып келген аталмыш орынды кітапхана үшін тегін берді.

Махамбет ауылдық округінің әкімі Бейбіт Аманғалиевтің айтуынша, ауыл ішінде 7,6 шақырым жолға асфальт төселіп, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 9,9 шақырым су құбыры тартылған. Ескі ғимарат демеушілер есебінен жөнделіп, 75 орындық балабақша ретінде ашылды. Сондай-ақ 8 млн теңгеге балалар спорт алаңы салынған.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан ауылдарының 99,2 пайызы табиғи газбен қамтылған. Бұл жөнінен өңір республикада алдыңғы қатарда келеді.
Фото:Эльвира Меңдіғали


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT