Батыс Қазақстанда билер кеңесі құрылуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында билер кеңесі құрылуда. Бұл туралы облыстық сотта өткен жиында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараны ашқан облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі  алқа төрағасы Қайрат Адранов Қазақстанның сот жүйесінде қолданылып жүрген дауларды шешу кезіндегі татуластыру рәсімі ертеден келе жатқан билер сотына ұқсас екендігін атап өтті. Қазір мұның медиация деп аталатыны мәлім.

Көшпелі қазақ қоғамындағы билер кеңесі мемлекеттік маңызды мәселелерді шешкен органдардың бірі болғандығы белгілі. Билер тек жеке даулар бойынша шешім шығарумен қатар мәмілегер, басқарушы, айыптаушы мен қорғаушы ретінде де өздері шығаратын  шешімдер арқылы әділдік орнатты. Оған халық та  күмән келтірмеді.

Облыстық соттың судьясы Есенбай Боранбаев жұртшылық әділдік іздеп, алдына баратын билердің жеке басының беделі биік болуы керектігіне тоқталды.

«Ұлы ғалым Ахмет Байтұрсыновтың «Әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді» деп айтқаны бар. Ендеше, сол игі дәстүрді жаңғыртқаннан ешкім ұтылмасы анық», деді Е.Боранбаев.

Билер кеңесін құру жұмысы Бөкей ордасы ауданында басталып та кетті.

Жиын қорытындысы бойынша облыстық сот төрағасы Бек Әметов барлық аудандық соттарға ауылдың сыйлы ақсақалдарынан тұратын билер кеңестерін құруды тапсырды.

Сонымен қатар Қайрат Адранов «Медиация туралы» ҚР Заңын басшылыққа ала отырып, әр ауданда билерді сайлаудың ортақ ережелерін әзірлеу және оларды делдал ретінде ұсыну мәселесін көтерді.

Облыстық соттың судьясы Есенбай Боранбаев өңірдегі билер кеңесін құру жөніндегі үйлестіруші болып бекітілді. 

Соңғы жаңалықтар