Батыс Қазақстанда бес мектеп, бір балабақша карантинге жабылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында төртінші тоқсанда 1 сәуірден бастап 446 оқушыдан коронавирус анықталды, олардың 235-і дәстүрлі сипатта, 211-і қашықтан оқиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, осы уақытта 219 мұғалімнен індет табылды.

Олардың 207-сі дәстүрлі сипатта, 12-сі қашықтан сабақ береді.

Оқу жылы басталғаннан бері барлығы 1079 оқушы (577-сі дәстүрлі сипатта, 502-сі қашықтан білім алады) сырқаттанды.

Департамент басшысының айтуынша, қазіргі кезде 5 мектеп, 1 балабақша, сонымен қатар 30 мектептегі 59 сынып, 9 балабақшада 9 топ, 1 ЖОО-да 1 топ карантинге жабылды.

Мамыр айында облыс бойынша 1551, соңғы тәулікте 123 адамда індет тіркелді.

Осы айда 29465 ПТР тест зерттеулері (күніне орта есеппен 2266) жүргізілді.

Мониторингтік топтар мамырда 109 рейд жүргізіп, 487 нысанды қамтыды. 1 нысанда карантин тәртібін бұзушылық анықталды. 17 хаттама толтырылып, 743835 теңге айыппұл салынды.

«Ashyq» қосымшасымен облыс бойынша барлығы 245 нысан жұмыс істейді. Ковидпен ауырып жүрген, сондай-ақ індет жұқтырғандармен қарым-қатынастағы, яғни үйлерінде оқшаулануға тиісті адамдардың осындай нысандарға келу деректері белгілі болуда. Атап айтқанда, Оралда қызыл түсті мәртебесі бар 20, сары түсті 25, Ақсай қаласында қызыл түсті мәртебесі бар 2, сары түсті 5 адамның аталмыш нысандарға кірмек болғаны анықталды», деді М.Арыспаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирустан қайтыс болғандар бойынша мәлімет жарияланғанын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар