Батыс Қазақстанда балық аулауға барған ер адам суға кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында балық аулауға барған ер адам суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы оқиға Ақжайық ауданында бүгін таңертең орын алды.

Аудандық ТЖ бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Темірхан Қажығалиевтің айтуынша, Оралдан Киров су қоймасына балық аулаймын деп келген 1960 жылғы азамат қауіпсіздікті сақтамағандықтан, суға кеткен.

Биыл осымен Ақжайық ауданында төрт адам суға кетіп отыр. Бұдан бұрын 21 сәуір күні Тайпақ ауылдық округіне қарасты Шабдаржап ауылы тұсында 1977 және 1983 жылғы екі ер адам Жайық өзеніне батып кеткен. Олар да балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаған.

Сонымен қатар 12 мамыр күні Тайпақ ауылында 2008 жылғы жасөспірім Жайық өзеніне суға түсу кезінде батып кетті. Оның денесін 13 мамыр күні тұрғындар алып шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жоғалып кеткен 83 жасар қарияның мүрдесі табылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар