Батыс Қазақстанда автокөлік аударылып, екі жасөспірім ауруханаға жеткізілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында автокөлік аударылып, екі жасөспірім ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 30 тамыз күні Ақжайық ауданы аумағында болды.

Сағат 00.16-да Чапаев-Жалпақтал күре жолы бойында 1990 жылғы жүргізуші «Тойота Ипсом» автокөлігінің руліне ие бола алмай, аударылып қалуына жол берген.

Соның салдарынан 16 және 14 жасар екі жасөспірім Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер қарағаннан кейін екеуі де ауруханаға жатқызылды.

Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, екі жасөспірім де дене жарақаттарын алған. Жабық бас-ми жарақатына қоса миына зақым келген. Жағдайлары ауыр, екеуі де жансақтау бөлімінде.

Полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары салдарынан 3 бала қайтыс болып, 47-сі түрлі жарақат алды.

Жаңа оқу жылына орай өңірде «Абайлаңыз, балалар!» жедел алдын алу іс-шаралары (23-31 тамыз – дайындық, 1-9 қыркүйек – негізгі кезең) жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қалыңдық алып қашқандардың жылқыға соғылып, 4 адамның жансақтау бөліміне түскенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар