Батыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 32,7 млрд теңгені құрады, бұл мал шаруашылығының 2,7%-ға өсуіне байланысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өсімдік шаруашылығында ауа райы тәуелдігінен арылу үшін егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру жалғасуда. Шаруа қожалықтары күздік және майлы дақыл алаңдарын ұлғайтып, жаңа технологияларды қолданады. Мысалы, өткен жылы 5 мың гектардан астам жердің 2,5 мың гектары заманауи жаңбырлатқыш агрегаттары арқылы суарылды. Ал 2021-2024 жылдары 28 шаруашылық заманауи жаңбырлатқыш агрегаттары арқылы суарылатын қосымша 19 мың гектар жерді қосуды жоспарлап отыр», - деді өңір әкімі Ғ. Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша Президент тапсырмасымен көкөніс сақтау қоймалары 57-ге дейін көбейтілді. Қосымша жалпы қуаты 20 мың тоннадан асатын 8 көкөніс қоймасы салынады. Оған қоса биыл көлемі 16 гектарға жететін 2 жылыжай пайдалануға берілмек.

«Мал шаруашылығында биылғы 4 ай қорытындысы бойынша ірі қара мал басы өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 9,3%-ға, жылқы – 14,8%-ға, қой мен ешкі – 2,8%-ға өсті. Өңіріміз ет бағытындағы ірі қара мал басынан республикада екінші орында тұр. Жыл басынан бері 470 тоннаға жуық ірі қара және қой еті мен ет өнімдері Ресей, Иран, Әзірбайжан және басқа елдерге экспортталды», - дейді Ғ. Есқалиев.

Өткен жылы Орал қаласында «Орал құс фабрикасы» ЖШС жылына 18 млн дана жұмыртқа өндіретін жаңа цехты, ал «Кублей» ЖШС – бір ауысымда 600 дана мал терісін өңдейтін цехты іске қосты. Бөрілі ауданында «Аманат» шаруа қожалығы жылына 7,7 мың тонна сүт өндіретін тауарлы-сүт фермасын пайдалануға берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары жүруде. Облыста 242 ауыл шаруашылығы кооперативінде 4 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық бірікті. Өткен жылы ауыл шаруашылығы кооперативтері 843,6 тонна ет, 6302 тонна сүт және 21 тонна жүн өндірді», - деді БҚО әкімі Ғали Есқалиев.


Соңғы жаңалықтар