Батыс Қазақстанда ауыл мектебіне су кірді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауыл мектебіне су кіріп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің айтуынша, оқиға 28 наурыз күні таңмен Қоскөл ауылдық округіне қарасты Шалғын орталау мектебінде болды.

Шалғын – Қоскөлден 25, аудан орталығы Қаратөбеден 100 шақырым қашықтықта орналасқан шағын елді мекен. Мұнда 45 аула, 196 тұрғын бар.

Аудан басшысының сөзіне қарағанда, орталау мектептің бір ғимараты 1967, екіншісі 1987 жылы салынған. Кейін ауыл тұрғындары өз күштерімен екінші ғимаратқа жапсарлас қосымша құрылыс салған. Соңғы кезде қардың күрт еруі әрі жаңбыр жаууы салдарынан, іргетасы төмен болды ма, осы қосымша ғимаратқа су кіріп, пештері құлап, басқа да зақым келді.

Құмайт жерде орналасқандықтан, бұрын Шалғында мұндай оқиға болып көрмеген еді.

«Мектеп ғимаратына кеше де қауіп төнді. Дегенмен ТЖ, жергілікті атқарушы органдар және ауыл тұрғындарының жұмылуы нәтижесінде тасқынға тосқауыл қойылды. Аталмыш мектепте 37 шәкірт білім алады. Бүгін олар басқа ғимараттарда оқып жатыр. Оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр», деді ҚазАқпарат тілшісіне Қ.Сүйеуғалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда су басу қаупі бар 445 жол учаскесі бар екенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар