Батыс Қазақстанда Астана күндері өтуде

None
None
  ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда елорданың 20 жылдығына арналған Астана күндері басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының фойесінде «Ақ тілекпен, Астана!» атты суретшілер көрмесі ашылды.

Оның ашылу рәсіміне қатысқан БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев Астана күніне орай Оралда үш күн бойы түрлі мәдени шаралар өтетіндігін жеткізді.

Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталинаның айтуынша, көрмеге қазақстандық және астаналық суретшілердің 50-ден астам туындылары қойылған. Бұлардың бәрі елордадағы Тәуелсіздік сарайының қорынан әкелінді. Көрме 17-19 мамыр күндері жұмыс жасайды.
null

Көрмеден бөлек, Оралда Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының шығармашылық ұжымдары «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының залында «Астанадан ақ тілек» концертін қояды. Онда «Сарыарқа» халық музыкасы, эстрадалық би, «Шалқыма» би ансамбльдері, сондай-ақ классикалық және эстрадалық вокал солистері өнер көрсетеді. Ал Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті Ақ Жайық жұртшылығына керемет кеш сыйламақ.

19 мамырда өтетін «Елордадан елге сәлем» гала-концертіне астаналық филармония ұжымдарымен қатар Ринат Мальцагов, Клара Төленбаева сынды эстрада жұлдыздары, «Арт-Домбыра» триосы қатысады. Сондай-ақ Көркем Шолошова өзінің «Қыз қиялы» атты жеке би бағдарламасын ұсынады.

А.Островский атындағы БҚО орыс драма театрында М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры үш күн бойы өз қойылымдарын көрсетеді.

«Ақ Жайыққа барлығы 150-дей адам келді. Осының алдында Астананың 20 жылдығына орай елордалықтар Ақтөбе облысында болған еді. Астаналықтардың өңірлерге сапары мамыр-қыркүйек айларында осылайша жалғаса береді», деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Мұхамбеталина.

null

Соңғы жаңалықтар