Батыс Қазақстанда Алтын Орда дәуіріне жататын кесене табылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Алтын Орда дәуіріне жататын кесене табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаевтың мәлім еткеніндей, кесене Теректі ауданы аумағында Шалқар көлі маңында орын тепкен.

Оның сөзіне қарағанда, бастапқыда оған Шалқар атауы берілді. Кейінірек археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу және жергілікті халыққа сауалнама жүргізу кезінде сол жердің атауы бойынша Жаңабай деп аталды.

Құндылығы жоғары кесенені музейдің тарих және археология бөлімінің ғылыми қызметкері, жасақ басшысы Яна Лұқпанова тапты.

Кесененің жер қазу жұмыстары қолмен жүргізілді. Үйіндіні зерттеу барысында сәулет құрылымының барлық анықталған элементтері мен табылған артефактілерді тазарту, фотофиксация жұмысы атқарылды.

Яна Лұқпанованың айтуынша, көлемі 25х25 см, қалыңдығы 6 см болатын көлемдегі күйдірілген кірпіштен салынған кесене Алтын Орда кезеңіне жатады.

Ғимараттың өзі төртбұрышты пішінді, сыртқы өлшемі бойынша қабырғалардың ұзындығы 7-ден 8 метрге дейін, солтүстік-батыс жағындағы қабырғалардың қалыңдығы 1,6 метр, шикі кірпіштен 7 қатарға бүктелген, екі жағынан күйдірілген кірпішпен қапталған. Шығыс қабырғасы нашар сақталған, оның шеттері қираған.

«Қазба жұмысы барысында табылған адамның сүйегін ер адамның қаңқасы деп болжам жасап отырмыз. Жасын анықтау мүмкін болмады, әрине, онымен антропологтар жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар бірнеше жыл бойы жерлеу орнын ашуға тырысқандықтан, қаңқаның зақымдалғаны көрініп тұр. Құндылықтарды іздеген кезде қалдықтардан басқа карнель моншағын таптық. Бірден айтайын, дәл осындай заттар орта ғасырға тән басқа жерлеу орындарынан да табылған. Әдетте, карнель моншақтары жүрек, білек аймағында жатады. Астрахандық археолог Вячеслав Васильевич Плаховтың болжамына қарағанда, сол кездің адамдары карнель моншақтарын ауырған жерлеріне қойған. Себебі, карнельдің суланған жараны тез құрғатып, жазатын қасиеті мәлім. Емдеу кезінде қыздырылған карнель бөліктерін қолданудың арқасында қабыну азайып, жараның тез бітіп кететіндігін сол кездің адамдары да білген болып тұр», - деді Яна Лұқпанова.

Еске сала кетейік, Қазақстанның киелі орындарының қатарына енгізілген Тақсай ханшайымы жерленген қорған кешені де осы Теректі ауданы Долинный ауылы маңында орналасқан. Ол 2012 жылы табылып, кейін «Алтын ханшайым» қалпына келтіріліп, елордадағы ҚР Ұлттық музейіне қойылды.

Тақсай ханшайымының басына ақ кесене орнатылды.




Соңғы жаңалықтар