Батыс Қазақстанда ақын Шәңгерей Бөкеевтің музейі ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тарихи Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы ауылында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Шәңгерей Бөкеевтің музейі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа музей Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының құрамында отау тікті.

Оның ашылу салтанатына БҚО-ға жұмыс сапарымен келген Сенат депутаттары Бірғаным Әйтімова, Бақытжан Жұмағұлов, Сергей Ершов, Мұрат Бақтиярұлы қатысты.

«Еліміздің тарихында осы өңірде хан болып, қарамағындағы халқын өркениетке жетелеген Жәңгірдің орны айрықша. Оның тұрған жерін, айшықты ізі қалған сарайын, тұңғыш қару-жарақ музейі мен мешітін, басқа да ғимараттарын көзбен көру - кез келген қазақ үшін қуаныш. Енді соған Жәңгір ханның немересі Шәңгерей Бөкеевтің әдеби-мемориалдық музейі қосылып отыр. Ақын туралы деректер, түрлі жазбалары мен фотосуреттері арқылы киелі мұраны кейінгі ұрпаққа дәріптеуге толық болады», деді өз сөзінде Бірғаным Сарықыз.

Шәңгерей Сейіткерейұлы (1847-1920) - классикалық өлеңдер жазған ақын ғана емес, қазақ даласында баспасөз ісін дамытуға ерекше еңбек сіңірген меценат деуге болады. Ол 1911 жылы өзі бастамашы болып, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің қолдауымен «Қазақстан» газетін ашты. Патшалық дәуірдің қылышынан қан тамып тұрған мезгілді «Қазақстан» атауын ресми түрда алғаш енгізді.

Шәңгерей Бөкеев атақонысы Көлборсыда өмір кешіп, ағартушылықпен, аңшылық-саятшылықпен айналысты. Өзінің сәулетті үйіне қоса мектеп, медресе салып, мешіт тұрғызды. Ұстаз ұстап, бала оқытты. Айналасына күйші-әншілерді жинап, оларды қуаттап, қолдап отырды. Орыс классиктерінің шығармаларын аударған ақын сонымен қатар кәсіби фотограф болған. Оның өшпейтін сол суреттері музей көрмесінен орын алды.

Соңғы жаңалықтар