Батыс Қазақстанда 953 қасқыр қарауылға ілінді

None
None
ОРАЛ. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 953 қасқыр қарауылға ілінді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осының 129-ы - бөлтірік. Өткен жылы 700-ден астам итқұс ауланған болатын. Қасқыр аулаушыларды ынталандыру үшін облыстық бюджеттен 8 миллионнан астам теңге бөлінген. Күні бүгін әр қасқырға 12700 теңге, бөлтірігіне 6300 теңге төленеді. Бұған ауыл тұрғындарымен бірге Орал қаласының кәсіби аңшыларынан жасақталған 8 бригада қатысып келеді.

Осындай шараларға қарамастан, ауыл-аймақта қасқыр азаймай тұр. Олардың жануарлар түгілі, адамдарға да жиі шабуыл жасай бастағаны алаңдатады. Мәселен, осындай оқиға Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылында бірнеше рет тіркелді. Осыған байланысты Жәнібек аудандық әкімдігі жыртқыштармен күреске 1800 литр жанар-жағармай мен 400 дана оқ-дәрі алуға қаржы бөлді.

Ақжайық ауданы Мерген ауылындағы «Талғат» шаруа қожалығының малдарына да қасқыр қайта-қайта шауып, біраз шығынға батырған. Мал иесі Талғат Ғұбашев те қарап отырмай, 12 бөріні атып алған. Сайқұдық ауылында итқұс тоғыз қойды тамақтаса, Есенсайға баса көктеп кірген қасқырлар 20 қойды жайратып салғанымен қоймай, екі адамды талап тастайды. Осы күндерде Ақжайық ауданында 34 қасқыр ауланған.

Шалғайдағы Бөкей ордасы ауданында да биыл итқұс көбейіп тұр.

Соңғы жаңалықтар