Батыс Қазақстанда 91 сәбидің ата-анасы екпеден бас тартты

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 91 сәбидің ата-анасы екпеден бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлім еткендей, биылғы үш айда перзентханада дүниеге келген 2 954 нәрестенің 2 731-і БЦЖ вакцинасымен қамтылған.

Оның сөзіне қарағанда, 223 сәбиге екпе салынбаған. Бұлардың 131-інде (58,7 пайызы) медициналық қарсы көрсетілім болса, 91 баланың ата-анасы (40,8 пайызы) вакцина қабылдаудан бас тартқан.

Департамент басшысының айтуынша, жұқпалы дерттердің алдын алу үшін Ұлттық егулер күнтізбесіне сәйкес ай сайын мақсатты топ балаларына профилактикалық екпелер жасалады.

Тек профилактикалық екпелер ғана қызылша, қызамық, полиомиелит, күл, көкжөтел, сіреспе, вирусты В гепатиті, туберкулез, эпидемиялық паротит сияқты аурулардан қорғайды. Республикада тұрғындарды иммундау үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіркеуінен өткен вакциналар қолданылады.

Өкінішке қарай, профилактикалық екпеден де бас тартқан ата-аналар (жыл басынан бері – 89) әлі кездесуде. Бұлардың басым бөлігі – Орал қаласының тұрғындары. Сондай-ақ Ақжайық, Жаңақала, Бәйтерек, Сырым және Теректі аудандарында тіркелген.

«Коронавирусқа байланысты жағдай Қазақстанда тұрақталғанымен, Еуропаның Ұлыбритания сияқты елдерінде, Қытайда індет өршіп тұр. Сондықтан вакцинация мәселесі күн тәртібінен түспейді. Бүгінде облыста 275 969 адам (66,6 пайыз) коронавирусқа қарсы бірінші, 266 940-ы (64,4 пайыз) екінші компонентпен егілді. Сәуір айының соңына дейін 180 957 адам ревакцинациядан өтуі тиіс болса, соның 78 135-і (43,2 пайызы) екпе салдырды. Облыста коронавирусқа қарсы Pfizer, QazVac, Синофарм вакциналары бар», - деді М.Арыспаев.



Соңғы жаңалықтар