Батыс Қазақстанда 90 мыңнан астам зейнеткер тұрады

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 16 майдангер қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Исқақованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, облыс бойынша барлығы 90 мыңнан астам зейнеткер бар.

Соның ішінде 1 322-сі – соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер, 260 – майдангер жесірлері, 3 287-сі – тыл еңбеккерлері.

Сондай-ақ облыста 10 136 көп балалы ана, 24 мыңнан астам мүгедек (мұның 2 866-сы – мүгедектігі бар балалар) тұрады.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен соларға теңестірілген адамдарға «Ардагерлер туралы» және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңдарына сәйкес көмек көрсетіледі.

Оның сөзіне қарағанда, майдангерлерге республикалық бюджеттен төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыдан басқа, жергілікті өкілетті органдардың шешімдеріне сәйкес жергілікті бюджет есебінен атаулы және мерекелік күндерге төленетін біржолғы әлеуметтік көмек және коммуналдық шығындарды өтеу үшін төленетін ай сайынғы әлеуметтік көмектер қарастырылған. Мысалы, соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген (Ленинградта қоршауда, концлагерьлерде тұтқында болған) 3 761 адамға Жеңістің 77 жылдығына орай 135 млн теңге әлеуметтік жәрдем берілді. Сонымен қатар оларға коммуналдық қызметтерді төлеу үшін ай сайыңғы әлеуметтік көмек 5 АЕК (15 900 теңге) мөлшерінде көрсетілуде.

Сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес жалғызбасты зейнеткерлерге, аз қамтылған отбасыларына тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Биыл 1 қыркүйекке дейін 1 024 отбасы тұрғын үй көмегімен (34,4 млн теңге) қамтылды.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, жергілікті атқарушы органдар аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) үнемі әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Айталық, 2 903 отбасына (13 706 адам) 647,1 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек берілсе, соның 910-ы – көп балалы отбасылар.

Көп балалы отбасылар, мүгедектер, өмірлік жағдайы қиын азаматтарға, жалғызбасты қарияларға басқалай да жәрдем берілуде.

«Дәстүр бойынша 1 қазан мен 1 қараша аралығында өңірде «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы өткізілмекші. Өткен жылы қайырымдылық айында 7 124 адамға 165 млн теңгенің көмегі көрсетілген болатын. Биыл да облыс әкімдігінің арнайы қаулысы қабылданып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Айлық аясында меншік нысанына қарамастан, түрлі кәсіпорындар, кәсіпкерлер және басқа жанашыр жандар көмекке мұқтаж адамдарға қолұшын беретіні анық», деді Д.Исқақова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жастарды жұмыспен қамту жоспары орындалып отырмағанын жазған болатынбыз.








Ашық көздерден алынған фото


Соңғы жаңалықтар