Батыс Қазақстанда 68 мың адам тұмауға қарсы екпе қабылдайды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 68 мың адам тұмауға қарсы егілмекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, бұл облыс тұрғындарының 10 пайызынан асады.

Оның айтуынша, тұмауға қарсы егу жұмыстары 3 қазан күні басталады.

Осы мақсатта бюджеттен бөлінген 66,7 млн теңгеге Ресейде өндірілген «Гриппол +» вакцинасының 68 мың дозасы сатып алынды.

Тұмауға қарсы медицина қызметкерлері, алты айдан асқан жиі ауыратын балалар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға арналған білім беру ұйымдары мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, жүкті әйелдер, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу органдарының созылмалы сырқатына шалдыққандар, сондай-ақ қарттар үйлерінің тұрғындары ақысыз негізде егіледі.

Нұрлыбек Ермекұлы тұрғындарға екпеден басқа алдын алу шараларын да ұмытпау керектігін, ең бастысы, сақтану қажеттігін жеткізді. Өйткені тұмау асқынса, өте қауіпті. Атап айтқанда, тұмау пневмония, менингит, отит, синусит, гайморит, бронхит, миокардит сияқты ауруларға ұласып кетуі мүмкін. Бұлардың ішіндегі ең қауіптісі – көбінесе соңы өліммен аяқталатын пневмония.

«2021-2022 жылғы эпидемиялық маусымда 62 493 адамның жіті респираторлы-вирусты жұқпаға (ЖРВЖ) шалдыққаны тіркелді. Бұл алдыңғы маусыммен (41 132) салыстырғанда, 33,7 пайызға көп. Соның ішінде 57,56 пайызы (35 972) – 14 жасқа дейінгі балалар. 1,94 пайызы (1 228) – жүкті әйелдер. 1 141 адам ЖВРЖ-мен, 80 науқас тұмаумен ауруханаға жатқызылды. Өткен эпидемиялық кезеңде барлығы 98 адамның тұмаумен ауырғаны тіркелді», деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жіті ішек инфекцияларымен ауырғандар саны 6 есеге өскенін жазған болатынбыз .



Соңғы жаңалықтар