Батыс Қазақстанда 670-тен астам адам инфекциялық стационарда жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1115 төсектік 11 инфекциялық стационарда 674 адам ем қабылдауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 29 науқас жансақтау бөлімшесінде жатыр.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, жансақтау бөлімінде жатқандардың ішінде екеуі 50-ге толмаса, төртеуі – 50-60, 17-сі – 60-80 жас аралығындағылар, бесеуі – сексеннен асқандар. 23 науқастың 16-сы жүрек-қан тамырлары ауруларына, жетеуі қант диабетіне шалдыққан.

Осы кезге дейін облыста барлығы 18104 адам індет жұқтырса, соның 14327-сі немесе 79 пайызы жазылып шықты. 269 адам көз жұмды.

Биыл жыл басынан бері коронавирустан қайтқандар саны 100-ге жетті. Соның ішінде 28-і қаңтарда, 15-і ақпанда, 30-ы наурызда, 27-сі сәуірде өмірден өтті. Олардың 56-сы әйелдер

болса, 44-і – ер адамдар.

Қайтқандардың 98-інің созылмалы дерті (75 пайызы – жүрек-қан тамырлары аурулары, 13 пайызы – қант диабеті, басқасы – 12 пайыз) болған.

«Қазіргі таңда індет өршіп тұр. Науқастар инфекциялық стационарға ауыр және аса ауыр халде түсіп жатыр.

Сондықтан COVID-19-дың таралуына жол бермеу үшін тұрғындар шектеу шаралары мен санитарлық талаптарды қатаң сақтағаны жөн», деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда соңғы төрт күнде 600-ге жуық адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар